Психолог суицидтің алдын алу бағдарламасын қазақстандық менталитетке бейімдеп қайта жазады

Өскемендік психолог суицидтің алдын алуға арналған халықаралық бағдарламаны қазақстандық менталитетке бейімдеп қайта жазбақшы.

Ғалым бұл ретте осыған дейін жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сүйенбек. Өйткені елімізде жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол салу деректері азаймай тұр. Мәселен, Шығыс Қазақстанда былтыр өз өмірін қиюға бел буған 23 жағдай тіркелді. Осы салада 20 жылдан астам тәжірибесі бар Лилия Куземконың айтуынша, буллинг және кибербуллинг туралы кітаптар мен комикс жанрындағы туындыларды көбейту керек. Мектептегі пән мұғалімдерін қайта оқытса да артық етпейді. Себебі әсіресе жеткіншектерге сауатты психологиялық көмек беру маңызды. Жергілікті билік бастаманы қолдауға дайын. Өлкеде балалар мен ата-аналарға психологиялық кеңес беретін орталық ашылатын болды. Ол жерде 23 психолог маман жұмыс істемек.

Лилия Куземко, психолог:

- Біз суицид, буллинг, кибербуллингпен қатар бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасқа ерекше мән берсек дейміз. Орталық ашылса, онда күн-түн демей қоңырау шалуға болады. Психологтар қай уақытта болсын, тиісті кеңес беріп, көмектесуге дайын.