Сақалды құрылыс немесе Қостанайдағы "Аққу, шортан һәм шаян"
Қостанай облыстық балалар ауруханасы айналасындағы дау-дамай тағы өрши түсті.
Мәслихат депутаттары медициналық мекемені жөндеуге бюджеттен қосымша 1,5 миллиард теңге бөлу ұсынысын мақұлдаған.
Бірақ облыс әкімі бұл шешімді уақытша тоқтатып, мәселенің мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құруды тапсырды. Балалар ауруханасына қатысты төрт жылға созылған талас-тартыс туралы айтсақ.
Жоба бойынша Қостанай облыстық балалар ауруханасын күрделі жөндеу жұмыстары үш жыл бұрын 2021 жылдың қаңтар айында аяқталуы тиіс еді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінді. Алайда мердігер мен тапсырыс берушінің арасында туындаған дау-дамайдың салдарынан басталған жұмыс аяқсыз қалды. Аурухана әкімшілігі белігіленген уақытында үлгермеді деген себеппен арадағы келісім шартты бір жақты бұзған.
Кейін техникалық сараптама жүргізген компания «күрделі жөндеу жұмыстарының тек жартысы ғана атқарылды» деген қорытындыға келді. Осыған сүйеніп, облыстық денсаулық сақтау басқармасы жөндеуді толық аяқтауға бюджеттен 1,5 миллиард теңге сұраған. Мәслихат депутаттары оған қарсы болмаған.
Данияр Жандаев, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- 2020 жылдың есебімен алатын болсақ, 1 миллиард 200 миллион теңгеге бағаланған күрделі жөндеудің 50 проценті шамамен 500 миллион тенге. Үш жылдың ішінде құрылыс материалдарының бағасы 2,5-3 есе өсті. Соны ескерсек, қазір 500 миллионы 1,5 миллиард теңгеге барып қалады.
Бұл уәжбен мердігер келіспейді. Күрделі жөндеудің басым бөлігі аяқталды, мұндай қомақты қаржы не үшін қажет деп таң қалып отыр.
Талғат Хамитов, мердігер:
- Жоғары Соттың қаулысында «Вершина» серіктестігі жұмыс ауқымының 95 проценттен астамын орындады» деп анық жазылған. Қалғаны 5 процент. Оған әрі кеткенде 60 миллион теңге қажет. Бір жарым миллиард дегенді қайдан алып отырғанын түсінбеймін. Ресми түрде мәлімдеймін, біздің серіктестік ертеңнен жұмысқа кірісуге дайын. Рұқсат берсе, 300 миллион теңгеден асырмай күрделі жөндеуді аяқтап шығамыз.
Қос тараптың талап-тілегін тыңдаған облыс әкімі аурухананы жөндеу жұмыстарын аяқтауға қажетті қаражатты кім, қалай есептегенін тексеруді міндеттеді. Жағдайды жан-жақты, обьективті зерттеу үшін арнайы жұмыс тобын құру туралы өкім шығарды.
Жұматай Кәкімжанов, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:
- Облыс әкімі жұмыс тобын жеке өзі басқарды, оның құрамына: атқарушы билік өкілдерінен тыс, облыс прокуратурасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеу департаменті, мемлекеттік ішкі аудит департаментінің өкілдері және мердігер компанияның басшысы кіреді. Жұмыс тобының мүшелері өз құзыреті аясында мәселені зерделеп, ұсыныстар енгізеді.
Бұл дау-дамай қашан аяқталатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Ал сырқаттанған балалар арнайы жабдықталған ауруханада емес, бұрынғы инфекциялық орталықта ем-дом қабылдауға мәжбүр.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, «24.KZ», Қостанай облысы