Оралда ерекше балаларға арналған оңалту орталығы ашылды
Оралда ерекше балаларға ем-дом жасайтын оңалту орталығы ашылды.
Нысан Батыс Қазақстан облысы үшін аса қажет. Себебі аймақта 3 мың бала тіркеуде тұр. Бұған дейін ата-аналар оларды басқа қалаға апарып емдететін. Мұндайда шығын көбейіп, сапалы ем алуға мүмкіндік бола бермейді.
Айнұр Ахметжанова банк саласында 16 жыл бойы еңбек етті. Бірақ отбасында ерекше бала дүниеге келгелі күш-қуаты мен уақытын баласына арнауға мәжбүр. Ерекше балалармен жұмыс істейтін білікті мамандардың болмауы көп жерде қолбайлау болған. Айнұр әлеуметтік жоба аясында өз орталығын ашуды ұйғарған. Қазір орталықта 30 бала жаттығады. Олар тек физикалық емес, әлеуметтік тұрғыда да жетілдіріледі. Айнұрдың жолдасы осында бас жаттықтырушы. Ол осы сала бойынша шетелде білімін жетілдірген.
Айнұр Ахметжанова, кәсіпкер:
- Кәсіппен айналысып көрмеген мен үшін бастапқыда қиын болды. Бірақ мамандар жол сілтеп, дұрыс бағыт нұсқады. Бастапқы қаржы ретінде 1 млн 200 мың теңге жетті. Қазір жұмыс орындарын субсидиялауға өтініш беріп қойдық. Олар 4 жұмысшы айлығының бір бөлігін төлеп береді. Мықты мамандар әлі де керек.
Мансап орталығы мамандарының айтуынша, өз ісін ашуға арналған грант әлеуметтік осал санатқа жататын кез келген тұрғынға қолжетімді. Былтыр облыстың 400-ден астам тұрғыны жеке ісін ашуда мемлекет қолдауын сезінген.
Сағира Бимұхамбетова, қалалық мансап орталығы басшысының орынбасары:
- Жобаға қатысу үшін Еңбек.кз сайты арқылы онлайн өтініш беруге болады. Кейін олар «Бастау бизнес» арқылы білімін жетілдіріп, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренеді. Одан кейін грант алуға өтініш беріп, комиссиядан өтеді. Егер комиссия жобасын мақұлдаса, қаржылай қолдау алады.
Мамандар осал топ өкілдерінің бизнес-жоспарын әлеуметтік тұрғыда қолдау жалғасады деп отыр. Биыл бұл мақсатқа 650 млн теңге бөлінеді.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, Альбина Құмарғалиева, Ербол Меңдіғалиев, Эльдар Аюпов