ШҚО-да медицина мекемелері 400-ден астам жалған есеп берген
Шығыс Қазақстанда ауруханалар мен емханалар 400-ден астам жалған есеп берген, деп хабарлайды 24KZ.
Ақпаратты бұрмалау дерегін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің сарапшылары анықтады. Ведомство басшылығының айтуынша, ауруханаларда атқарылмаған жұмыс үшін миллиондаған теңгеге құжат толтырылған. Сонымен қатар өңірдегі медицина мекемелерінде 70 мыңнан астам техникалық заңсыздыққа жол беріліпті. Оның ішінде амбулаториялық көмек көрсету және әлеуметтік дәрілерді беруден негізсіз бас тарту сияқты заңды белден басушылықтар бар. Денсаулық сақтау министрлігіндегілер жалған есеп беру деректерін дәрігер қабылдауында болған науқастардың QR-кодын сканерлеу арқылы анықтап жатыр.
Данияр Исенов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ШҚО филиалының директоры:
- Осындай келеңсіздікті болдырмау үшін денсаулық сақтау жүйесін толығымен сандық форматқа көшіру жұмыстары басталды. Ол өз кезегінде бөлінген қаржының мақсатты түрде жұмсалуын қамтамасыз ететін механизмнің рөлін атқарады. Өйткені барлық мәліметтер SMS-хабарлама мен QR-код арқылы орталыққа түсіп тұрады.