Бүгін – дүниежүзілік нейрохирургтер күні
Елде 400-ге жуық нейрохирург бар. Сала дәрігерлері бүгінде күрделі оталар жасап, талай жанға өмір сыйлап жүр.
Астанадағы нейрохирургия ұлттық орталығы бой көтергелі онда қырық мыңнан астам күрделі ота жасалыпты. Мұнда шетелден дертіне дауа іздеп келгендер де сауығып қайтқан.
Ақтөбелік Гүлнар Шөренқызы үнемі басы көтерпейтінін, оның үстіне құлағында шуыл тұратыны айтады. Жанына батқан бұл дерттен нейрохирургтер жасаған отадан соң құтылған.
Гүлнар Шоренқызы, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Қыркүйектен басталды ауырғаным. Бетім ұйым, құлағым шуылдайтын. Басым айналатын болды алдында. Шаршап жатып қалам. Қазір жақсымын. Аллаға шүкір, аяғыммен жүріп жатырмын.
Нейрохирургия орталығының дәрігерлері жылына 200-ден астам адамға осыған ұқсас ота жасап, аяғынан тұрғызады. Мұндағы нейрохирургтер ми мен жұлынға, нерв жүйелеріндегі қатерлі ісік пен омыртқаға күрделі оталарды сәтті жасап жүр. Әрі өте сирек әдісті қолданады.
Сондай-ақ, мамандар инновациялық технологияның озық үлгілерін еркін меңгерген. Тіпті бұған дейін жұлын ішіне біткен ісікті де еш қиындықсыз сылып тастаған.
Бүгін 56 жастағы әйелдің миына ота жасады. Дәрігерлер мидағы обырды еппен алу арқылы науқастың қозғалысы мен сөйлеу қабілетін сақтап қалатынын айтады.
Нұржан Рыскелдиев, нейрохирург дәрігер:
- Мұндай операция орталық ашылғалы жасалып жатыр. Ми ісіктері бір күнде пайда болмайды. Ауырып жүргеніне бір жарым жыл болған. Мидың сол жақ самай мен маңдайының ішінде тұрған ісік. Оны дұрыс алмасақ оянбай қалу қауіпі өте жоғары.
Бұл ғана емес, мұнда шет елдерденде дертіне дауа іздеп келетіндердің саны жыл санап артқан. Былтырдың өзінде 30-дан астам өзге ел азаматы ауруынан айығыпты. Ал 15 жыл ішінде 60 мың шетелдік пациент емделген.
Көрші мемлекеттермен қатар Еуропадан келетіндер көп. Әсіресе ми мен жұлынға, беломыртқаға жасалатын операцияларға шетелдіктер сеніммен келе бастаған. Сондықтан отандық мамандар, бұрын күрделі деп жүрген оталар өз азаматтарымызға тегін жасалатынын айтады. Ауырып ем іздегендер шет ел асып, әуре-сарсаңға түспесе екен дейді. Әрі өзге елде жұлын мен миға ем шара құны 40 мың доллардан басталады.
Айнұр Қуатқызы, Наурызбай Құрманғазы, 24.KZ