Алматыда өкпе обырына шалдыққандарға заманауи тәсілмен операция жасалды

Алматыда өкпе обырына шалдыққан екі науқасқа заманауи тәсілмен төмен инвазивті операция жасалды.

Ем-дом 65 жастағы науқасқа эндоскопиялық әдіспен бейнеторакоскопиялық жабдықты пайдалана отырып жүргізілді. Технологияның басты артықшылығы – науқас тез сауығып кетеді. Төмен инвазивті операция өкпенің қалған бөлігін сақтап қалып, бронхтар мен өкпенің ірі тамырларын қайта жалғауда дәстүрлі әдіске қарағанда тиімдірек. Шеберлік сағаты "ОнкоРенессанс 2024" медициналық онкологтардың ғылыми-практикалық мектебі шеңберінде өтті. Ем-дом шарасы онлайн көрсетіліп, шеберлік сабағын республика бойынша торакальды мамандар, онкологтар көріп, тәжірибелерін шыңдай түсті.

Бауыржан Иманбеков, "Қазақ онкология және радиология" ҒЗИ торакальды хирургы:

- Тамырлық бронхты пластикалық операциялар осындай эндоскопиялық түрмен бірінші рет жасалып отыр. Бұған дейін ашық түрде кесу арқылы жасалатын операциялар болған. Негізінен ашық түрде жасалған операция дәрігер үшін жеңіл болуы мүмкін, жылдамырақ. Науқас үшін кішкене реабилитациясы ауыр болады. Мынадай аз инвазивті операциялар уақыты созылғанмен бір сағатқа, науқас үшін ол жеңіл болып саналады.