Қазақстан үш елмен бірлескен медицинаны зерттеу орталығын ашады
Қазақстан, Татарстан, Өзбекстан және Тәжікстанның жоғарғы оқу орындары бірлесіп, медициналық білім беруді зерттейтін ұлтаралық орталық ашпақ.
«Ресей - Ислам әлемі» халықаралық форумында тараптар алдын ала келісімге қол жеткізді. Ол бойынша төрт елдің мамандары білім беру бағдарламаларының үйлесімділігі, қос диплом алу мүмкіндігі және медициналық білімді өзара тану бойынша жұмыс істейді. Бұл елдер арасында медициналық саладағы кедергілерді жоюға мүмкіндік береді.
Виктор Риклефс, Қарағанды медицина университетінің проректоры:
- Біз төрт университет арасында ғылыми-білім беру консорциумын құрдық. Оған Қарағанды медициналық университеті, Семей медициналық университеті, сондай-ақ Қазан мемлекеттік медицина университеті мен Санкт-Петербургтегі Мечников атындағы Солтүстік-Батыс медициналық университеті кіреді. Қазір біз бірлесе отырып, ортақ бағдарлама дайындап жатырмыз. Бұл іске Тәжікстан мен Өзбекстаннан келген әріптестер де қатысуда.
«Ресей - Ислам әлемі» халықаралық форумы сауда қатынастары мен тікелей шетелдік инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және исламдық қаржы жүйесі мәселелерін талқылауға арналған алаң. Ол Татарстан астанасында осымен 15-рет ұйымдастырылып отыр. Делегаттар мультимодальды көлік дәліздері, туризм, халал өнімдер экспорты және ислам банкингін дамытуды талқылады. Биыл бұл форумға 79 елдің өкілдері қатысып жатыр.