25 мамырда онкологиялық орталықтарда ашық есік күні өтеді

Бүгінде онкологиялық аурулардың құрылымында ел аумағында бірінші орында сүт бездері, екінші өкпе, үшінші асқазан мен ішек жолдарының қатерлі ісігі тұр, деп хабарлайды 24KZ.

Көрсеткіші жағынан Павлодар республикада үштікке кіреді. Бүгінде аймақта қатерлі ісікке шалдыққан 13500 адам есепте тұр. Жыл сайын аурудың 2,5 мыңға жуық жаңа дерегі тіркеледі. Солардың біріне Люмила Кузмина тап болған. Ол бойында аты жаман ауру барын былтыр білген. Жыл басында онкоорталыққа жүгініп, қатерлі ісікке қарсы сәулелік терапияны қабылдады.

Люмила Кузмина, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады. Ота өте ұзақ болғанымен сәтті өтті. Енді өз-өзімді, денсаулығымды күтіп жүрмін. Ауруханаға ертерек қаралғанымда, отасыз-ақ емделуге болар еді. Дегенмен, бұған да шүкір. Тұрғындарға менің қателігім қайталамай, емханаға барып тексерілуден өтіп тұруға шақырамын.

Ал, Ұлытау облысында онкологиялық дертке шалдығушылар саны жыл сайын 10-15%-ке артып барады. Бүгінде аты жаман кеселге шалдыққан 2400 науқас арнайы есепке алынған. Сондықтан ем алуға өңірдегі жалғыз әрі 50 орынға шақталған онкобөлімше тарлық етуде. Ал, жергілікті билік 2026 жылы 150 науқасқа арналған облыстық онкологиялық орталық салуды жоспарлап отыр. Аймақта кадр мәселесі де күн тәртібінде.

Болат Жабаспаев, онкологиялық бөлімшенің меңгерушісі:

- Кадр мәселесі өзекті болып тұр. Біздің бөлімшеде бар болғаны 3-ақ онкодәрігер бар. Әрине, жүктеме көп. Одан бөлек, бізде қажетті құрал-жабдықтар да тапшы. Науқастар тексерістен өту үшін Қарағандыға барып жүр. Кей науқастардың өзге облысқа баруға шамасы жетпей жатады көбіне.

Жамбыл облысында да соңғы 5 жылда қатерлі ісікке шалдыққандар саны 7%-ке өскен. Мамандар мұның себебі дер кезінде медициналық тексерістен өтпеуден дейді. Бүгінде облыстық онкологиялық орталығы заманауи құрылғылармен 92%-ке жабдықталған. Мәселен мекемеге жаңа келген рентген аппараты арқылы кеуде қуысын тексеріп, нәтижесін дәлме-дәл алуға мүмкіндік бар.

Айбаз Әлиханов, облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының директоры:

- Тұрғындар ауырған кезде ғана дәрігерге барады. Бұл дұрыс емес. Жылына бір рет жалпы тексерістен өтіп тұрған абзал. Мысалы бізге науқастардың көбісі ауруы асқынғанда келіп жатады. Егер қатерлі ісіктің алғашқы кезеңінде анықталса 100% емдеп алуға болады. Оған бізде мамандар да құрылғылар да бар.

Тұрғындар үш түрлі скринингтен тегін өте алады. Олар сүт бездерінің қатерлі ісігі, колоректальды және жатыр мойнының қатерлі ісігі. Сонымен қатар өкпенің төмен дозалы компьютерлік томографиясы да тегін.

Дәрігерлер: «ауру ерте анықталса ғана, емдеу нәтижелі болады», - дейді. Сондықтан барша тұрғынды республика бойынша 25 мамырда онкологиялық орталықтарда өтетін ашық есік күніне шақырады.

Авторлары: Мерей Бает Елдос Какенов Қарлығаш Қасиетова