28 мамыр – Халықаралық әйелдер денсаулығын қорғау күні
2022 жылы 218 213 онкологиялық пациент динамикалық бақылауда болса, былтырғы саны 5,7%-ке артқан. Оның 56%-тен астамы – әйел, деп хабарлайды 24KZ.
Ал қатерлі ісіктің таралуы бойынша бірінші орында сүт безі обыры тұр. 28 мамыр – Халықаралық әйелдер денсаулығын қорғау күні. Қазір елдегі қыз-келіншекті мазалайтын аурулар қандай? Ол аурулардан арылудың жолы қайсысы?
Елде әйелдер арасында қатерлі ісікке шалдыққандар саны өршіп тұр. Бірінші орында сүт безі қатерлі ісігі болса, одан кейін жатыр мойыны мен аналық без обыры тұр. Дертке шалдыққандардың дені 40 пен 50 жас арасында. Мамандардың айтуынша, дер кезінде скринингтен өту – қатерлі ісіктің алдын алуға көмек.
Меруерт Жұмажанова, медициналық-генетикалық консультациялар бөлімінің меңгерушісі:
- Скринингтен өту тәсілдері немесе жалпы ағзаны толықтай тексерістен өткізу бұл әр адам үшін маңызды. Мамандар осы тексеріс арқылы қандай да бір ауытқу болмаса, қауіп барын анықтап, арнайы ем-дом жасайды. Бұл – қатерлі аурулардың ерте кезеңде анықтауға көмек.
2023 жылы динамикалық бақылауға 218 213 онкологиялық пациент тіркелген. Бұл 2022 жылға қарағанда 5,7%-ке өскен. Оның ішінде 43,7%-і ерлер болса, 56,9%-і – әйелдер. Былтыр 41 515 науқастан қатерлі ісік анықталса, оның 12 мыңнан астамы көз жұмған. Науқастардың 55,6%-і – 18 бен 64 жас аралығындағы еңбекке қабілетті адамдар. Ал сүт безі обырына шалдыққандардың ең жасы 23 жаста.
Нұршай Әзімбаева, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
- Қазіргі кезде адам папилломасы вирусына қарсы вакцианцияны енгізу жөнінде жұмыс басталып жатыр. Осы Қазақстан Республикасында. Мұның өзектілігі – жатыр мойыны обыры, яғни бұл онкологиялық аурудың біздің елде өте жоғары көрсеткіште тіркелуі. Неге? Өйткені жыл сайын 1900-ден астам адам әйелдер осы ауруға шалдығады. Ол – өте үлкен көрсеткіш.
Жыл сайын әлемде жатыр мойны обырынан 300 мыңға жуық әйел көз жұмады. Ал республика бойынша 2000-ға жуық жаңа жағдай тіркеледі, 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады. Жақында Үкімет адам папилломасы вирусына қарсы вакцина сатып алуға және Қазақстанда екпе жұмысын жүргізуге 9,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Алдағы уақытта 11 жастағы 175 мыңға жуық қыз баланы вакцинамен қамту көзделген.
Авторлары: Зарина Кәп, Қали Несіпбаев.