Отандық дәрігерлер омыртқаға ерекше операция жасады

Отандық дәрігерлер жұлынға өзгеше операция жасап жүр, деп хабарлайды 24KZ.

Мамандар: «науқасты бір күнде аяғынан тұрғызамыз», – дейді. Мұндай операция медицинасы көш ілгері елдердің өзінде жасала бермейтін көрінеді. Жасалған күннің өзінде омыртқаны кесіп, орнына имплант салады екен.

Советқазы ақсақалдың қуанышында шек жоқ. Себебі 70 жастағы қария бұған дейін жүріп-тұра алмай, төсек тартып қалған. Омыртқадағы шыдатпас дерттен айығудың түрлі амалын жасағанын айтады. Ем іздеп, талай жерге барған. Нейрохирургия орталығының дәрігерлері оған шағын инвазивті әдіспен операция жасап, бір күннің ішінде аяғына тұрғызған.

Советқазы Сыдықов, қала тұрғыны:

- Таңертен операция істеді, кешке таман сағат 4-те келді, Талғат Тынышбаев, Алла разы болсын, келіп, аманшылығымды сұрап, тұруға болады деді. Жарты жылдан бері бұл енді арман болып кетті. Адамға қиындау екен, байланып қалдым. Не тамақ іше алмайсың, не шай іше алмайсың, қызығы кетіп қалды. «Көбірек жүру керек», – деді, бұрын жүруден қалғам, әйел-балаларым болсын қасымнан шықпайтын, қазір жалғыз өзім, өзіммен өзім. Бәрі жақсы.

Отандық мамандар болса бұрын күрделі деп жүрген мұндай операциялар өз елімізде тегін жасалатынын айтады. «Ауырып, ем іздегендер шетел асып, әуре-сарсаңға түспесе екен», – дейді. Әрі өзге елде жұлын мен миға ем шара құны 40 мың доллардан басталады. Тіпті елімізде жасалатын мұндай операцияға шетелдіктер де сеніммен келе бастаған.

Талғат Керімбаев, нейрохирург дәрігер:

- Бұл сондай, ал біз жасаған әдіс – ол кіші инвазиялық әдіс. 1 см түтікшемен біз жаңағы омыртқаның арасындағы тесіктерге кіріп, 360 градус омыртқаны босатамыз, содан кейін жүйкелерін босатамыз. Осы әдіспен науқас ерте аяққа тұрады. Ертеңісінде тұрғызамыз да, 1-2 күнде науқас шығады. Нәтижесі өте жақсы. Қазіргі мәселе, айтып отыр ғой, жекеменшік клиникаға шетелге барады, олар көбінесе жаңағы көп имплант жасайды, негізі ол қымбат, былайша айтқанда, бизнес медицина. Ал көбінесе осындай әдіс дұрыс.

Дәрігерлер омыртқа аурулары қазірде жас талғамайтын әрі ең көп таралған ауруға айналып бара жатқанын айтады. Оның алдын алу үшін дене қозғалысын көбейтіп, артық салмақтан арылу қажет. «Әрі түрлі энергетик және газдалған сусындардан бас тартқан жөн», – дейді.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Қали Несіпбаев.