Жыл басынан бері 6 мыңнан астам адам ішек инфекциясына шалдыққан

Елде жыл басынан бері 6 мыңнан астам адам жедел ішек инфекциясына шалдыққан. Оның 80% жуығы – балалар, деп хабарлайды 24KZ.

Науқастардың басым бөлігі Астана, Алматы қалаларында тіркелген. «Аурудың өршуіне ерте піскен бақша дақылдарының да әсері бар», – дейді мамандар. Жұқпалы дерттің алдын алу үшін не істеу керек?

Жаз мезгілі басталысымен, ішек аурулары да белең ала бастады. Қазір Астана қаласының өзінде өткір ішек инфекциясына шалдыққан 800-ден астам науқас ем алып жатыр.

Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

- 76% 14 жасқа дейінгі балалар болып отыр. Көбіне балалар жақын келіп отыр. Өйткені ойыншықпен ойнайды, аулада ойнайды, ойыншық лас болса, оны аузына салады деген сияқты.

Дильназ Тұрғазыева, тілші:

- Елде тамақтан улану фактілері де жоқ емес. Жыл басынан бері 10 жағдай тіркеліп, 215 адам зардап шеккен. Оның 100-ден астамы – балалар. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкесінше мерзімімен салыстырғанда 1,5 есеге төмен. «Әсіресе қоғамдық орындарда ас ішіп, жаппай секем алатын жағдайлар аз емес», – дейді мамандар. Статистикаға сүйенсек, улану деректерінің басым бөлігі, яғни 6 жағдайы қоғамдық тамақтану орындарында анықталған. Ал білім ордаларында мен сауда орталықтарында 2 жағдайдан тіркелген.

№3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында инфекция жұқтырған 100-ге тарта бүлдіршін жатыр. Әсіресе орталыққа сальмонеллез, шигеллез сынды патогенді аурулармен түсіп жатқан науқас көп. Бұл дертке фаст фуд өнімдерін, тәттілерді, отқа піспеген тағам түрлерін жиі тұтынғандар шалдығады. Ерте піскен бақша өнімдері де түрлі ауруға әкеп соғуы мүмкін.

Жадырасын Ходжаназарова, №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының инфекционист дәрігері:

- Ең басты нәрсе, айта кететін, 5 жасқа дейінгі балаға қарбыз, қауын бермеу керек. Егер берген жағдайда тамыз айында, нитратсыз пісетін кезде ғана беруге болады. Нитраттан улану кезінде дене қызуы көтерілмеуі мүмкін. Бірақ іш өту, құсу, одан да басқа көріністер ішек инфекциядағыдай көрінеді.

Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

- Кез келген өндіруші өнімін сатылымға шығару үшін тез піскенін қалайды да, оның құрамына түрлі химиялық өңдеуіштерді қосады. Нитраттар мөлшерінен көп болып кетсе, организмнің улануына әкеп соғады. Мысалы, қарбызда 1 келіге 60 мл нитрат аспауы керек. Қауында 90 деген сияқты.

Елімізде соңғы 6 айдың қорытындысы бойынша нитраттан улану дерегі тіркелмеген. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ. «Бау-бақша өнімдерін сатып аларда оның сапасына аса мән беріп, сақ болған жөн», – дейді мамандар.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Диас Ковланбаев.