Елімізде логопед тапшылығы байқалады

Елдегі әрбір үшінші отбасыда логопед көмегін қажет ететін бала бар.

Мамандар осылай деп дабыл қағып отыр. Оның үстіне салада логопедтердің тапшылығы байқалады. Яғни 3 мыңнан аса маман қажет. Бұдан бөлек инсульт алған науқастар да осы мамандармен жұмыс істейді. Мәселе қалай шешілмек?

Тараздық Салтанат Берікқызының ұлы 4 жаста. Алғаш рет сөйлеу дамуының кешігуін 2 жасында байқаған. Дабыл қаққан ана бірінші педиатрға жүгініп, кейін оның нұсқауымен невропатолог және логопедке барған. Қазір бала тіпті сөйлем құра алады екен. Мұндай жетістікке мамандардың септігі зор, дейді ол.

Салтанат Берікқызы, қала тұрғыны:

- Кеш сөйледі. 2 жасынан бастап біз осындай центрлерді қарастырдық сөйлеуі кешеуілдеп жатқан соң. Логопед, дефектологтармен жұмыс жасап, қазір шүкір баламыз 4 жарымда. 2 жарым жыл жұмыс жасадық. Қазір жақсы сөйлейді, балабақшаға барамыз.

Бәрі оңалғанымен Салтанат Берікқызы баласын әлі де арнайы түзету орталығына алып келіп жүр. 4 сағаттық еміне ай сайын 150 мың теңге жұмсайды. Бірақ мекеме мамандары қаражаттың ақталатынын айтады. Себебі мұнда әр балаға, диагнозының күрделілігіне қарай, арнайы емдеу әдісі қолданылады. 

Элиза Әуезханқызы, логопедиялық түзету орталығының құрылтайшысы:

- Сол балаларға біз кешенді түрде көмек жүргіземіз. Және біздің орталықта 60-қа жуық психологиялық-педагогикалық түзету көмегін береміз және ол балалармен 30-ға жуық маман жұмыс жасайды. Біздің орталықтың ерекшелігі біз ЭйБиАй әдісін қолданамыз. Яғни балаға үш айға арналған жеке дамыту бағдарламасы құрылады. Сол бағдарламамен мамандар жұмыс жасайды. Бір бала үш ай алуы мүмкін, бір бала 1 жыл коррекция алуы мүмкін. Соған байланысты біршамасы мектепке, балабақшаға кетіп жатқан балаларымыз бар.

Орталық басшысының айтуынша, қазір әрбір үшінші отбасыда логопед көмегін қажет ететін бала бар. Сондықтан тілін икемге келтіру емін алатындардың қарасы қалың. Бұл орталық жылына 100-ден астам бала қабылдайды. Ал кезек күтіп тұрған отбасылар резервке енгізілген.

Элиза Әуезханқызы, логопедиялық түзету орталығының құрылтайшысы:

- 60-қа жуық бала келіп-кетіп, айналып отырады. Себебі орталықтың сыйымдылығы 60 балаға арналғандықтан бізде резервте 3-4 айлап ата-аналар өз уақыттарын, кезектерін күтеді. Өйткені 1 баланы алғаннан кейін , ол баланы нәтижеге шығару үшін 2-3 ай жұмыс жасаймыз ғой немесе 1 жыл жұмыс жасаймыз. Ата-аналар орын босағанына қарай күтеді.

Бір жастағы баланың сөздік қорында «әке, ана, әже, су бер» секілді кем дегенде 10 сөз болуы керек. Бірақ соның өзін айта алмай, баласының тіл қатпайтынына шағымданатын ата-аналар көбейген. Қазір республикада 200 мыңнан астам ерекше білімді қажет ететін бала бар. Оның 60 мыңнан астамы тіл мүкістігімен тіркелген. Бұл логопед, дефектологтардың маңызын айшықтап тұр. 

Жанбота Аханова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі "Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы" РММ зертхана меңгерушісі:

- Баланың барлығына ҚР-да тегін көмек түрі көрсетілген. Ең бірінші ата-аналар ПМПК-ға жүгінуі қажет. Егер мемлекеттік мекемеден көмек алғысы келетін болса, міндетті түрде соған жүгіну керек. ПМПК-да басты қызметі – баланың оқудағы қиындықтарын анықтап, оларды мекемелерге білім беру ұйымдарына жіберу.

Қазір мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту үшін балабақшалардың 69 пайызында, мектептердің 88, ал колледждердің 80 пайызында жағдай жасалған. Білім ордаларында арнайы жабдықталған мыңнан астам кабинет бар. 

Балаларды оқыту, тәрбиелеу және оңалтуды 400-ден аса білім ұйымы жүзеге асырады. Бірақ сонда да логопедтерге сұраныс жоғары. Қажеттілік 3 мыңнан асады, дейді жауапты ведомствоның өкілі. Қазір жауапты министрліктер мәселенің шешу жолын қарастырып жатыр.

Инклюзивті білім беру

балабақшалар 69%

мектептер 88%

колледждер 80%

Лаура Бұтабаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры:

- Білім беру ұйымдарында 5 мыңға жуық логопед жұмыс жасап жатыр. Олар ПМПК нәтижесінде барып, логопед көмегін алып, сол қызмет көрсетіп жатқан логопедтер. Кез келген қазір отбасыда баланың кешеуілдеп сөйлеуіне қатысты логопедке деген қажеттілік жоғары. Бізде Ұлттық білім деректері қоры бар, сол жерде жергілікті атқарушы органдар өздеріне қажетті мамандарды толықтырады. Соның мәліметі бойынша қазір 3,5 мың арнайы маманға қажеттілік бар.

Инсульт алғандармен жұмыс істейтін логопед тапшы

Логопед, дефектологтар тек балаға емес, ересектерге де көмек көрсетеді. Яғни олар инсульт алғаннан кейін сөйлеу қабілетін жоғалтқан науқастармен жұмыс істейді. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, ол қазір мүгедектік тудырып, өлімге әкелетін аурулардың алдыңғы қатарында тұр. Біздің елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульт алады. 

Қарлығаш Аманкелді, №2 қалалық көпбейінді ауруханасының логопеді:

- Күніне 8-9 науқастан, кейде 12-13 науқастан, әртүрлі. Сөйлеу тілі дизартерияға шалдыққан науқастар, афозияға шалдыққан науқастарда бізде көбінесе жартылай немесе сөйлеу тілін толықтай жоғалтуы науқастардың. Соның барысында бізде реабилитациялық-коррекциялық жұмыстар жүргіземіз. 

Бір ғана ауруханаға күніне орта есеппен 10 науқасқа дейін инсультпен түседі. Оның әрбіріне логопед қажет. Ал штаттық режимде тек саусақпен санарлық маман жұмыс істейді. 

Альмира Оразбай, Қанат Махмудов