Сарапшы: Бірыңғай уақыт белдеуінің денсаулыққа маңызы зор
Бірыңғай уақыт белдеуі өмірдің табиғи ырғағына оралуға мүмкіндік береді. Үкіметте Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басқарма төрағасының орынбасары осылай деді.
Ол кеңестік кезеңде командалық-жоспарлы экономиканың мүддесі үшін уақыт белдеуінің 8 рет өзгергенін атап өтті. Сондай-ақ Салтанат Назарованың айтуынша, бірыңғай уақыт белдеуі ұйқы мен сергектікті, демалу мен белсенділікті, тамақтану мен зат алмасуды реттейді. Яғни, адам денсаулығы үшін маңызды рөл атқарады.
Салтанат Назарова, «Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК басқарма төрағасының орынбасары:
- Адамның өмірлік процестері уақытқа байланысты сағат, күн, апта, ай, маусым немесе жылдар бойы өзгереді. Бұл өзгерістер «биоритмдер» деп аталады. Циркадиялық ырғақтар – біздің денсаулығымыз, өнімділігіміз бен ұзақ өмір сүруіміздің негізі. Шетелдік зерттеулер биоритмдердің ағзадағы гормон, ферменттер мен басқа да белсенді заттардың деңгейін басқарады.