ШҚО-да дәрігер жетіспейді
Шығыс Қазақстан облысында 152 дәрігер жетіспейді.
Әсіресе шалғайдағы шағын қалаларда маман тапшы. Ауылдар мен елдімекендерге мемлекеттік бағдарлама арқылы жас мамандарды тартуға болады. Алайда, Алтай, Серебрянск, Риддер, сынды моно қалаларда ондай мүмкіндік жоқ.
Ауыл емес, қала болғандықтан, маманға ешқандай материалдық қолдау көрсетілмейді. Сондықтан облыс орталығынан алыста жатқан үлкен ауруханалар бұл мәселені қалай шешерін білмей отыр.
Отбасылық дәрігер Ажар Асқарбекова Қарағандыдан ел шығысына көшіп келіп, еңбек етіп жүр. Жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Алтай ауданындағы Тұрғысын кентіндегі емханаға орналасты. Денсаулық сақтау министрілігі тарапынан 8,5 миллион теңге көтерме ақы , жергілікті әкімдік тарапынан 400 мың теңге көмек берілді.Жолдасы жұмысқа, балалары балабақшаға орналасты.
Ажар Асқарбекова, отбасылық дәрігер:
- Біз келмесек кім келеді,егер де жастар қолдамаса халықты аяққа тұрғызбаса, не үшін біз оқыдық, не үшін осынмашама уақытты құрттық және де осы дипломмен ауылға бағдарламасында әр түрлі көтермелеу подъемный қолдаулар көп.
Аядай ауыл осылай кадр мәселесін біртінлеп шешіп жатса, іргедегі Серебрянск мен Алтай қалаларында маман тапшылығы өзекті болып тұр. Екі шаһарда 43 дәрігер жетіспейді . Сала өкілдерінің айтуынша, жастар мұнда келуге құлықсыз, себебі ешқандай қолдау көрсетілмейді.
Олжас Нұрекенов, Алтай қалалық ауданаралық аурухананың бас дәрігері:
- Бұл тек біздің Алтай ауданындағы ғана емес, бүкіл елге ортақ мәселе. Біз шалғайдағы ауданға жатамыз, мысалы Алтай қала мәртебесіндегі елді мекен. Сондықтан келген жас мамандарға әкімдік тарапынан да, денсаулық сақтау министрлігі жағынан да ешқандай қолдау көрсетілмейді.Тек ауылға барғандарға ғана мұндай мүмкіндік қолжетімді.
Серебрянск қалалық ауруханасы маман жетіспесе де, маңайдағы бірнеше елдімекенге дәрігер жіберіп, көмектесіп тұрады. Мәселен Феклистов ауылында жақында ғана медициналық пункт ашылды. Алайда ондағы медициналық қызметкер бала күтіміне байланысты демалысқа шығып кеткен. Енді жұрт жолға қарап « қаладан келетін кезекші дәрігерлерді» күтуге мәжбүр.
Татьяна Пешкова, Феклистов ауылының тұрғыны:
- Өз дәрігеріміз жұмысқа шыққанша біраз қиналатын сияқтымыз. Дәрігерлер Серебянск қаласынан келіп қарайды. Бұл біз үшін де, олар үшін де тиімсіз әрине,. Бірақ одан басқа амал да жоқ.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәселені шешу жолдарын іздеп жатыр.
Айнаш Қапанова, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне ғана қатысып отырған жоқпыз. Биыл медицналық мекемелер өз қаражаты есебінен өзіне керек 27 маманды оқытып жатыр. Ал жергілікті бюджет есебінен былтыр 32, ал биыл 14 түлек медициналық мамандықты игеріп жатыр.
Алайда бұл мәселені толық шешпейді дейді сарапшылар. Сондықтан жас кадрларды шалғайдағы ауылдарға ғана емес шағын қалаларға да ынталандыру керек дейді. Бірақ бұл заңнамалық тұрғыдағы өзгерістерді қажет етеді.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов