Денсаулық сақтау саласындағы үздік мамандар марапатталды
Тәуелсіздік күні қарсаңында медицина және фармацевтика қызметкерлерінің арасында «Кәсібінің үздігі» конкурсының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды 24KZ. Ақхалаттылар 16 номинация бойынша іріктелді. Олардың ішінде «Стационардың үздік дәрігері», «Жедел жәрдемнің үздік дәрігері», «Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің үздік дәрігері», «Үздік провизор» сынды номинациялар бар.
Бірінші республикалық конкурста жеңгендер 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай сыйақы алады. Үздіктерді құттықтаған Денсаулық сақту министрі Ақмарал Әлназарова 2025 жылды «Біліктілікті арттыру жылы» деп жариялап, тәжірибелі мамандарды жас әріптестеріне тәлімгер болуға шақырды.
Гүлбаршын Махамбетова, «Үздік медициналық-санитариялық алғашқы көмек мейіргері» номинациясының жеңімпазы:
- Осындай жақсы-жақсы конкурстар ұйымдастырып жатыр. Шынымды айтайын, медицина саласында 19 жыл жұмыс жасасам да, мұндай конкурсқа бірінші рет қатысып тұрсын. Осындай орынға ие болғаныма өте қуанып тұрмын. Енді көп-көп рақмет айтамын барлықтарына. Келе жатқан Тәуелсіздік күні құтты болсын.
Еске салайық, биыл сәуірде Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын қамтитын заңға қол қойды. Оған сәйкес ауылдық жерлерге кемінде 5 жылға жұмысқа баратын, аса тапшы мамандықтар бойынша дәрігерлер 8,5 миллион теңге біржолғы төлем алады. Бұдан басқа тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін ауылдық елді мекендерге келген мамандар үшін 9,2 миллион теңгеден аспайтын несие беріледі. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет биыл Мемлекет басшысы 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы ынталандыру төлемі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағын берді.