Өскеменде еріктілер «Ана мен бала» орталығының кішкентай емделушілеріне тосынсый жасады
Өскемендік еріктілер облыстық «Ана мен бала» орталығының кішкентай емделушілеріне тосынсый жасады.
Түрлі сыйлықтар үлестіріп, жаңа жылдық шырша ұйымдастырды. Жергілікті спортшылар бүлдіршіндерге ойыншықтар мен тәттілер сыйлады.
Облыстық «Ана мен бала» орталығындағы көңіл күйді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Себебі жаңа жыл мерекесіне орай жергілікті спортшылар мен хоккей командалары және әйелдер құрамасы кішкентай емделушілерге тосынсый жасап, ерекше қуаныш сыйлады.
- Шынымды айтсам, балаларға сыйлық жасап, көтеріңі көңіл-күй сыйлағанымызға өте қуаныштымын. Бүлдіршіндердің қуанғанынан артық бақыт та, байлық та жоқ.
Хоккейші Ділназ Саяхатқызы шайбаны ғана әдемі ұрып қоймайды, кішкентай жанкүйерлерін де қуантуды жақсы біледі.
Ділназ Саяхатқызы, хоккейден ҚР Әйелдер кұрамасының ойыншысы:
- Балаларды қуанту, оларға ұмытылмас әсер сыйлау мен үшін үлкен жауапкершілік. Әсіресе қиын жағдайға тап болған бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлау тіпті ғажап.
Үш жасар Сабина жұмсақ ойыншықтарды орап ойнағанды жақсы көреді. Әрі ғажайыпқа сенеді. Ал оның әр қылығы анасын қуанышқа бөлейді.
Айнаш Иманқұлова, қала тұрғыны:
- Барлықтарыңызға рахмет. Өте қуаныштымыз. Тез арада жазылып шығуға тырысамыз. Шын жүректен рахмет айтамын.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша үш жүзден астам бала жаңа жылды осы емханада қарсы алмақ. Сондықтан еріктілер олардың барлығына сый-сияпат жасады.
Әсел Айдарханова, облыстық ана мен бала орталығы директорының орынбасары:
- Бүгінгі күні біздің тәулік бойы жұмыс істейтін орталықта 372 бала ем қабылдап жатыр. Олар өз балабақшаларындағы жаңа жылдық кешке қатыса алмайды. Сондықтан осында ұйымдастырылған мерекелік кештің олар үшін маңызы ерекше болмақ.
Балаларға қуаныш сыйлайтын көңіл күй терапиясы - олардың тезірек сауығып кетуіне көмектеседі. Күлімсіреу мен күлкі де жақсы дәріден пайдалы болмаса, кем болмайды. Оған дәрігерлерде күмәнданбайды. Сондықтан Шығыста бүлдіршіндерді қуантуға арналған игі шаралар дәстүрге айналған.
Жандос Жұмабек, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин