Әлем бойынша денсаулық сақтау саласында ЖИ кеңінен қолданылып келеді

Биыл әлем бойынша денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект кеңінен қолданылды, деп хабарлайды 24kz.

Жаңа технологияның көмегімен күрделі сырқаттар анықталып, бұрын-соңды болмаған тәжірибелер жасалды. Медицина саласына жаңалық ретінде енген құрылғылар қандай?

Биыл Швейцариялық ғалымдар жылуды сезетін протез құрылғысын ойлап тапты. Айтуларынша, бұл өнертабыс функционалдық тұрғыдан емес, эмоционалдық тұрғыдан маңызды. Ғалымдар заттарды протезбен ұстаған кезде олардың температурасын ажыратуға мүмкіндік беретін «минитач» құрылғысын жасап шығарды. Мысалы, қазір көзін жұмған науқас қай қолын ұстап тұрғанын – нақты ма, әлде жасанды ма, қолын тигізу арқылы анықтауға тырысады. Енді өнертапқыштар құрылғыны тұрмыста пайдалануға дайындайды. «Минитач» кез келген бионикалық протезге біріктірілуі мүмкін. Ғалымдар сенсорларды саусақтарға, алақандарға және шынтаққа орналастыруды жоспарлап отыр.

Биыл әлемде алғаш рет робот көмегімен науқастың екі өкпесі ауыстырылды. Операция өкпенің созылмалы обструктивті ауруы деген диагноз қойылған 57 жастағы науқасқа жасалды. Хирургтар операция үшін Da Vinci XI роботтық жүйесін қолданған. Яғни, қабырға арасын кесіп, өкпені алып тастау кезінде, сондай-ақ, донордан жаңа өкпені имплантациялау үшін қолданды. Роботпен бірге жасалған операция төс сүйегінің жарақатын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берген. Әдеттегі 8 дюймдік кесудің орнын робот 2 дюймдік ұзындыққа айналдырған.

Ал, Еуропалық ғалымдар инсультті емдеудің жылдам жолын тапты. Олар жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бірегей қосымша жасап шыққан. Аталған бағдарлама компьютерлік томография суреттерін талдап, санаулы секунд ішінде зақымның нақты қай жерде екенін және қашан болғанын анықтай алады. Кейін ауруды емдеудің ең қолайлы әрі тиімді әдісін ұсынады. «Бұл дәрігерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді», - дейді ғалымдар.

Авторы: Фариза Жанғанаева