Қарағанды облысында биыл 27 ФАП салынды
Биыл Қарағанды облысында 27 фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Бүған қоса химиятерапиялық орталық салынды. Өңірдегі бірнеше клиникада заманауи үлгіде жұмыс істейтін орталықтар жұмысын бастады. Аймақ медицинасын дамыту бағытындағы жұмыстармен Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов танысты. Ол облыс мәслихатының тұрақты комиссия өкілдерімен бірге Қарағанды медициналық унивеситетінің ұжымымен, студенттерімен кездесті.
Сондай-ақ ЖОО-на қарасты Пришахтинск елді мекеніндегі клиникада болды. Мұнда жылына 5 мың адамға медициналық көмек көрсетіледі. Клиниканың травматологиялық пункті заманауи үлгіде жабдықталған. Бүған қоса емханада 80 орындық стационары жұмыс істеп тұр. Сенатор мен мәслихат мүшелері дәрігерлер мен студенттер сұрақтарына жауап беріп, саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдауларға кеңінен тоқталды.
Серік Өтешов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қандай сұрақтар болды, соның барлығын жинақтап, министрлікте, басқа да салалық органдарда мәселені көтереміз. Енді мұндай клиникаларға қолдау көрсету керек. Мұнда соңғы жетістіктер болуы тиіс. Неге десеңіз, ең басты байлық адамның денсаулығы ғой. Сол тұрғыда өте үлкен жұмыс жасап жатыр.