Елдегі 200 мыңға жуық баланың көру қабілеті бұзылған
Елімізде 200 мыңға жуық баланың көру қабілеті бұзылған. Алайда бұл тек ресми тіркелгендердің саны. Ал тіркелмеген балалардың қарасы одан да көп болуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова осылай деді. Оның айтуынша, салада шешілмей тұрған тағы бірқатар мәселе бар. Соның бірі – елде бүлдіршіндер мен жасөспірімдерді қарайтын «балалар офтальмологы» мамандарының тапшылығы. Түйткілдің түйіні қашан шешіледі?
Астаналық дәрігер-офтальмолог бір күнде 40-қа жуық науқасты қабылдайды. Әйгерім Дербісалиеваның айтуынша, әрбір бесінші азаматта миопия анықталады. Бұл әсіресе балалар арасында өзекті. Ал оның себебі балалардың салауатты өмір салтын ұстанбауында.
Әйгерім Дербісалиева, дәрігер-офтальмолог:
- Балалар жарығы жоқ, яғни қараңғы бөлмеде уақытын өткізеді. Одан қалды, гаджеттерді қолданып отырады. Салдарынан миопияға шалдыққан балалардың саны артты. Қазір ата-аналар балаларын қадағалап, олардың сыртта серуендеуін қадағалай бермейді.
Миопия – көзі бұлдырап, алыстағыны көрмейтін ауру түрі. Қазір оған оқушылар көптеп шалдығады. Мамандардың айтуынша, мұндай патология ауылдағыға қарағанда қалада тұратын балаларда көптеп кездеседі. Дегенмен бұл тұста «тұқымқуалаушылық» факторын да ескеру қажет. Егер миопия анасында немесе әкесінде болса, онда ол 50% жағдайда баласына берілуі мүмкін.
Аида Айдаралиева, қала тұрғыны:
- Менің бала кезімнен миопия бар. Ол менің үш балама да беріліп отыр. Мәселен, 13 жастағы балам теледидар көргенде көзін қысып, алыстағыға көзі жетпейтін. Мұны бірден байқап, дәрігердің қарауына жазылдым. Қазір офтальмологтарға әр 6 айда қаралып тұрамыз. Сондай-ақ балаларымызға салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын айтып, телефонды шамадан тыс қолдануға рұқсат етпейміз.
Қазіргі дамыған заманда әрбір екінші баланың телефонға телміргені жасырын емес. Дегенмен соның салдарынан баласы көз ауруына шалдыққан ата-ана кімге жүгінеді? Елде балалар офтальмологы жетіспейді. Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова осылай деп дабыл қақты. Ол Денсаулық сақтау министріне өзінің депутаттық сауалын жолдап, саладағы түйткілді мәселелерге назар аударуды сұрады.
Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Балаларға мектепте миопия бойынша скринингтерді қайтару керек. Осы ұсыныстарды бердік. Сонымен қатар тағы бір ұсыныс – ол балалар офтальмологтарын дайындайтын мемлекеттік гранттарды қарастыру. Осындай ұсыныстарды бердік.
Бұған қоса қасаң қабығы патологиясымен операция жасау үшін кезекте тұрғандардың қарасы қалың. Мәселен, 2020 жылы осыған қатысты 100 кератопластика жасалса, 2021-2022 жылдары мүлде жасалмаған. Ал операцияға кезекте қазір 2,5 мың адам тұр.
Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Көз ауруларының ғылыми қазақ институты бар. Ол флагман офтальмология деп айтуға болады елімізде. Ол 5-6 жыл, нақты білмейм қанша жыл бұрын, жеке меншікке өтті. Сол жерде де жасалмай, мүмкіндік жоқ оталарды жасауға. Жеке меншік клиникалар бар. Соларда да жасалынса, осындай кезекте көп адам тұрмайтын еді.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қазір балалар мен ересектерге кератопластика Ұлттық медицина университетінің клиникасында жасалады. Мұндағы мәселе донорлықта. Өкінішке қарай, адамдар көзі тірісінде донор болуға келіспейді. Ал туыстары марқұмның атынан шешім қабылдауға бас тартады. Дегенмен бұл проблема еліміздегі қорлардың қолдауымен шешіліп жатыр. Қажетті «қасаң қабық» шетелден әкелінеді. Сондай-ақ ведомство маман тапшылығын шешуді де қолға алғанын мәлімдеп отыр.
Әйгерім Тулетова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар офтальмологы:
- Бүгінгі таңда республикада 200-ге жуық балалар офтальмологы жұмыс істейді. Аймақтарда балалар офтальмологы белгілі дәрежеде жетіспейді. Балалар офтальмологтарын даярлау университет клиникаларында, көз аурулары ғылыми-зертетеу институтында резидентура арқылы жүзеге асырылады. Бұл облыстық денсаулық сақтау басқармаларының ұсынған мақсатты гранттар арқылы болуы да мүмкін. Сонымен қатар қазіргі таңда көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында офтальмологтар үшін балалар офтальмологиясы саласында «біліктілікті арттыру» сертификаттау курсы мүмкіндігі де қаралып жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, былтыр 17 жасқа дейінгі 196 мыңнан астам балада көз аурулары анықталған. Оның 136 мыңы – мектеп оқушысы. 2022 жылмен салыстырғанда балалардың көз ауруларына тап болуы 8%-ке өскен. Сондай-ақ биыл түрлі көзге қатысты диагнозбен 40 мыңнан астам бала диспансерлік бақылауға алынған.
Авторлары: Альмира Оразбай, Марат Диханбаев.