Елордадағы емханаларда Face ID жүйесі енгізілді
Елордадағы емханаларда биометриялық тексеріс жүйесі жұмыс істейді, деп хабарлайды 24KZ. Дәлірек айтсақ, учаскелік дәрігер қабылдауына келген әр науқастың тұлғасы Face ID көмегімен расталып, нақты қабылдауда болғандығы туралы ақпарат тіркеледі. Мұндай жүйенің артықшылығы неде?
Дәрігер қабылдауына келген елордалық тұрғындар ең алдымен осылай веб-камераға түсу арқылы жеке басын растайды. Алғашқыда мұндай жаңашылдыққа үрке қарағанымен, цифрлық технологияның жаңа мүмкіндіктері, керісінше, ыңғайлы екеніне көз жеткізді.
Абылай Жарылқасын, Астана қаласының тұрғыны:
- Қазіргі таңда цифрландыру жүйесі қарқынды дамып келеді. Сол себепті біз ондайға үйреніп қалдық. Face ID адамның жеке басын куәландыратын жүйе болып табылады ғой қазір. Сол себепті ешқандай ыңғайсыздық тудырмайды. Керісінше, тиімді деп ойлаймын.
Мұндай жүйе науқастардың келуі туралы жалған есептерді болдырмайды және бюждет қаражаты мен сақтандырылған азаматтар жарналарының мақсатсыз жұмсалуына жол бермейді.
Жансая Қалилаева, Республикалық алғашқы көмек көрсету орталығы профилактика бөлімінің меңгерушісі:
- Тамыз айының аяғынан бастап, ең алғаш рет біздің орталыққа Face ID енгізді. Оның көмегімен біз науқас нақты түрде қабылдауда болды ма, болмады ма, соны анықтайды. Face ID бар болғандықтан, науқас мен қабылдауда болғаным жоқ деп айта алмайды. Бұл «приписка» деп. Өйткені суретке түсіріледі. Суретке түсіріп, расталғаннан кейін «запись» түсіріледі.
Жоба пилоттық режимде іске қосылған. Тамыздан бастап 2024 жылдың соңына дейін елордалық 48 емханада жұмыс істеп тұр. Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылдан бастап республиканың барлық емханаларына дендеп енгізбек.
Авторы: Мөлдір Молдағали.