Жамбыл облысында былтыр 21 медициналық нысан пайдалануға берілді
Жамбыл облысында былтыр 21 медициналық нысан пайдалануға берілді.
Шалғай ауылдардың тұрғындары сапалы қызметке қол жеткізді. Өңірде бұл жұмыстар биыл да жалғасады. 7 бірдей нысан ел игілігіне тапсырылады деп жоспарланып отыр.
Байзақ ауданындағы Қызыл Жұлдыз ауылында 5 мыңға жуық тұрғын бар. Аудан билігі 1991 жылы бос қалған ғимаратты амбулатория ретінде жабдықтап, қолданысқа берген. Қазір медициналық нысан ескірді. Құрал-жабдығы тозып, ғимараттың сылағы түсе бастаған.
Мэлс Емеров, Қызыл жұлдыз ауылының тұрғыны:
- Осы амбулаторияда тіркелгеніме көп болды 7-8 жыл неврологическийде. Үнемі келеміз. Халық көп сыймайды ескіде. Кезекте көп тұрып қалатынбыз, халық көп келеді. Дәрігерлер үлгірмейді. Кабинеттері аз.
Мәселені шешу үшін облыстық бюджеттен былтыр 370 млн теңге бөлінді. Сөйтіп, 60 адамға арналған жаңа амбулаторияның құрылысы сәуір айында басталды.
Жандос Рысқұлов, Байзақ аудандық ауруханасының бас дәрігері:
- Бұл амбулатория ауданда салынып жатқан басқа нысандардан ерекше. Себебі мұнда өзінің лабораториясы мен оңалту орталығы болады. Ауылдықтар қалаға сабылмай күндізгі стационардың қызметін пайдалана алады. 100% құрал жабдықпен қамтылған. Сондықтан мұндағы мамандар аладғы уақытта алғашқы медициналық көмек көрсетіп, созылмалы ауруы бар адамдарды тексеріп, есепке ала береді.
Медициналық нысан 4 ай бұрын ашылуы тиіс еді. Бірақ мердігер құрылысты жыл аяғына дейін созып жіберген. Одан бөлек медициналық құрылғылардың құжаттары түгел емес екені белгілі болды. Мәселе толық шешілгенше, ғимарттың ашылуы тағы бірнеше айға кешігетін сияқты.
Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Нысан дайын, жабдықтар дайын. Енді осы жерге кіріп жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Бірақ құжаттар лицензиясы бар соның бәрі уақыт алады. Соның барлығын алған соң бір екі айда кіретін болады. Бірақ осы мерзімді қысқартуға барлық жағдай жасау керек деп ойлаймын. Енді біз де осыған көмектесуге дайынбыз.
Өңірде былтыр жаңа 21 медициналық нысан пайдалануға беріліп, 2 мекемеге күрделі жөндеу жүргізіді. 5 млрд теңгеге 18 диагностикалық техника, 38 санитарлық машина сатып алынды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Алыс ауылдарда 7 ғимарат салынып, Таразда перинаталды орталық пен жедел жәрдем станциясы және фтизиопульмонологиялық шипажайдың іргетасы қаланады.
Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә