Алматыда онкология және радиология орталығы ашық есік күндерін өткізді
Алматыдағы Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында Ашық есік күні ұйымдастырылып, әйелдер профилактикалық тексерістен өтті, деп хабарлайды 24kz.
«Жатыр мойны обырының алдын алуға болады. Ол үшін медициналық скринингтен өтіп тұру аса маңызды», - дейді институт дәрігерлері. Шара барысында мамандар диагностикалаудың негізгі әдістері мен терапия принциптерін түсіндірді. Жатыр мойны обыры қазақстандық әйелдерде жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірінен саналады. Жыл сайын мұндай диагноз 2 мыңға жуық әйелге қойылады.
Ерлан Көкебасов, Онкогеникология орталығының жетекшісі:
- Елімізде жатыр мойны обырын анықтау скринингі он жылдан бері белсенді жүргізіліп жатыр. Қазір әйелдер денсаулығын күтіп, профилактикаға жиі келеді. Егер ауру белгілері ерте кезден анықталса, дәрігерлік көмек нәтижелі болады.