Омыртқа операциялары МӘМС арқылы жасалып жатыр
Елде жыл сайын 38 мыңдай адам омыртқа ауруларына шалдығады. Астанадағы травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығының мамандары осылай дейді. Мұндай науқастарға күрделі операциялардың барлығы міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі арқылы жасалып жатыр.
Ермек Сұлтанаев травматология және ортопедия орталығында 7 жасар қызын емдетіп жүр. Айтуынша, жеткіншек 3-4 жыл бұрын иығын қисайтып, аяғын сілтіп басуды шығарған. Оған туабітті омыртқаның қисаю диагнозы қойылыпты. Жақында кішкентай науқасқа операция жасалды. Медициналық қызмет ақысы МӘМС жүйесі арқылы өтелген.
Ермек Сұлтанаев, Жамбыл облысының тұрғыны:
- Операциядан кейін бірден білінді. Жақсы, Аллаға шүкір. Операциямыздың бәрі тегін. Жүрісі түзу, иығы түзелді 3-4 күннің ішінде. Міне, қазір жақсы ұйықтап жатыр. Жылау жоқ. Жақсы қарап жатыр.
Жеткіншек әзірге ауруханада болып, ем-домын жалғастырады. Кейін 3 ай сайын тексеріліп, оңалту шаралары жүргізіледі. Дәрігерлердің айтуынша, елде жыл сайын орташа есеппен 38 мыңдай адам омыртқа ауруларына шалдығады екен. Соның кемінде 10%-не операция жасалады.
Сейдәлі Абдалиев, Н.Д. Батпенов атындағы травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығының бөлімше меңгерушісі:
- Туабіткен аурулар болуы мүмкін, тағы арттырылған аурулар болуы мүмкін. «Үлкендерде грыжа, остеохондроз немесе стеноз кездеседі», – дейді. Омыртқа патологиясына жататын аурулардың барлығы ОСМС арқылы жасалады. Шетел азаматтары кездеспесе, қазір бәрі ОСМС-пен келіп жатыр.
Медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жетілдіріліп жатыр. Соның ішінде нейронавигация жүйесі қызмет сапасын едәуір арттырды.
Сейдәлі Абдалиев, Н.Д. Батпенов атындағы травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығының бөлімше меңгерушісі:
- Ол омыртқаға қойылатын импланттарды қалай дұрыс қою керек, нервтарды немесе тамырларға зақым жетпейтіндей етіп көрсетіп тұрады. Ол бір. Екіншіден, сүйекті біз жеміре аламыз, бірақ ол қан тамыры мен жұлынға әсер етпейді. Сол тимей тұрып, кеспей тұрып, тек сүйекті алып тастай аламыз.
Елде омыртқа операцияларының құны 3,5-5 млн теңге аралығында. Ал шетелде бұдан 4 есеге дейін қымбат. Дегенмен қазақстандықтар міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі арқылы мұндай операцияларды тегін жасатады. Сонымен қатар қосымша оңалту шаралары да дәл осы әдіспен қаржыландырылып жатыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Әлиев.