БҚО-ға жаңа кардиоорталық қажет

Жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан батысқазақстандық науқастардың бәріне бірдей ауруханада толыққанды ем алу мүмкін болмай тұр, деп хабарлайды 24KZ. Өйткені кардиологиялық орталықтың ғимараты тар, орын жетпейді, палатаға сыймағандар дәлізде жатуға мәжбүр. Оның үстіне көктемде су тасыған сайын аурухана бүкіл құрал-жабдықтарын жинап, басқа жерге көшетіні тағы бар. Билік басындағылар жаңа ғимарат саламыз дегенімен, уәденің әзірге орындалар түрі жоқ.

Жүрек шаншып, қан қысымы көтерілгендердің түбінде «барар жер, басар тауы» – кардиологиялық орталық. Орталық «Мелиаратор» деп аталған профилакторийдің орнында осыдан 22 жыл бұрын ашылыпты. Негізгі екі корпусы 70 жылдары салынған. Орын саны 168 болғанымен, мұнда 180-200-ге дейін сырқаттар жатады.

«Жедел жәрдем» бригадалары жаны қиналған науқастарды қаланың әр түкпірінен тәулік бойы осында әкеледі. Олардың басым бөлігіне стационарлық көмек, жіті бақылау қажет. Дегенмен дәрігерлер сырқаттардың бәрін бірдей госпитализация жасай алмайды. Өйткені орын жоқ. Дәл қазір көріп тұрғандарыңыздай, палатаға сыймағандар дәлізде ем қабылдап жатыр.

Беркеғали Дәулетов, Орал қаласының тұрғыны:

- Адамдар көп, коридорда жатқан адамдар көп. Келген адамдар бәрін қабылдап жатыр. Бірақ мына орын тапшы. Ескі, жөндеу керек. Жоғарыда жақсы ремонты, төменде ремонты. Қазір барлығын жауып тастаған жел келетін болғасын терезеден, есіктен. Сондықтан ауа жоқ.

Кардиологиялық орталық басшыларының айтуынша, жыл санап мұнда сырқаттарға көрсетілер көмек түрлері көбейіп келеді. Мәселен, соңғы жылдары аз қан шығаратын тәсілмен операция жасау жолға қойылған, аритмияны емдеудің жаңа түрлері қолға алынған. «Әрі өңірде халық санының өсімі мен аурудың жасарғанын ескерсек, келешекте жаңа орталық керектігі сөзсіз», – дейді ол. Әрі су тасыған жылдары Шаған қойнауында орналасқан орталық 3-4 айлап басқа жерге көшуге мәжбүр. Ол да емдеу сапасына теріс әсерін тигізіп жатыр.

Эльмира Сүйеуғазиева, облыстық кардиоорталық директорының орынбасары:

- Биылғы тасқында жертөле суға кетіп, тағы да қалалық ауруханаға көштік. Содан кейін көп әсері бар. Ауруларды көшіру керек, жабдықтарды көшіру керек. Ол өте қиын жағдай. Сыймаған жағдайда қосымша кереуеттер қоямыз. Коридорда күтеді. Адамдар ашу туғызады. «Мен неге жүрек ауырып түскенде коридорда жатуым керек?», – деп. Түсіндіріп, бәрін айтып отырамыз. «Бір күн, бір сағат жатасыз, қазір біреулерді шығарамыз, сосын палатаға кіресіз», – деп. Сондай мәселелер бар.

Кардиологиялық орталыққа жаңа ғимарат салу мәселесі күн тәртібіне қойылғанына 5-6 жылдың жүзі болды. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Тек биыл ғана сең қозғалғандай.

Мадияр Өтешев, БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазіргі орталық кардиоауруханасы қала шетінде, тұрған жері жақсы болғанымен, өзінің тұрған нысаны типтік емес, стационар емес. Соған байланысты жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, қазір ЖСҚ ақша бөлініп, құрылыс басқармасымен жоба жасалып жатыр. Енді ол алдағы 4-5 жылға жоспарланған үлкен нысан ғой. 

Облыста 96 мың адам жүрек-қан тамырлары ауруларымен диспансерлік есепте тұрса, соның 4,5 мыңы жыл сайын кардиоорталықтан ем алып шығады екен. Өткен жылы ғана 200-ден аса сырқатқа ашық жүрекке операция жасалған. Ал жаңа орталық салынуы тұрғындарға көрсетілер медициналық көмек сапасын арттыруға ықпал етері сөзсіз.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ. Ақырап, Э. Аюпов.