Алтай қаласында симуляциялық орталық ашылды
Алтай қаласында жедел реанимациялық көмек дағдыларын жетілдіретін симуляциялық орталық ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Бұған дейін аудан дәрігерлері біліктілігін арттыру үшін Өскемендегі орталыққа баратын. Енді шалғайдағы шағын шаһар мамандары жергілікті жерде тәжірибесін шыңдай алады.
Алтайдағы симуляциялық орталық білікті дәрігерлер мен жас мамандардың жиі бас қосатын тәжірбие алаңына айналды. Науқастың орнына робот-манекен қолданылады демесеңіз, барлық іс-әрекет шынайы көрсетіледі. Мамандардың жедел әрі дұрыс шешім қабылдауы пысықталады. Фельдшер Елена Тоқтасынова: «10 жылдан бері еңбек етіп жүрсем де, үйренерім көп», – дейді.
Елена Тоқтасынова, фельдшер:
- Осы жерде тәжірибеден өткен сайын жұмыс істеу де жеңілдей түсетінін байқадым. Әрі өзіңе деген сенімділігің де артады. Кез келген шақырту түскен кезде алдын ала не істеу керегін меңгеріп барамыз.
Шақыртумен шығатын жедел жәрдем бригадасы түрлі жағдайға тап болып жатады. Санаулы секундта дұрыс медициналық көмек көрсету адам өмірін құтқарады. Мәселен, жүрекке массаж жасаудың дәл техникасын сақтамаса болмайды.
Ересектердің тыныс алуы қиындаған кезде оларға алақанмен массаж жасалып көмек көрсетіледі, ал балаларға келгенде абай болуы керек. Ол кезде саусақтың ұшы ғана қолданылады.
Тыныс алу бір минутта қалыпқа түспесе, осы әрекетті жарты сағатқа дейін жалғастыру керек. Жаттықтырушы Александр Тиде балалар қақалып қалғанда қандай көмек көрсету керегін жиі айтады. «Өйткені дәл осындай жайт көп кездеседі», – дейді ол. Білікті маман Ыстамбұлда білімін жетілдіріп, енді әріптестерімен де бөлісіп жүр.
Александр Тиде, жаттықтырушы:
- Ыстамбұлда сол жақтағы ең мықты дәрігерлермен кездестік. Осындай орталықтарда болдым. Енді үйренгенімді өз ұжымыма келіп үйретіп жүрмін. Барлығы да – керек дүние.
Шағын қалада симуляциялық орталық ашудағы мақсат – жергілікті халықпен қатар туристерге де сапалы медициналық қызмет көрсету. Өңірдің жер бедері күрделі, ал туристер қысы-жазы тоқтамайды. Қатонқарағай, Рахман бұлақтарына апаратын ең қауіпті таулы жол осы жақпен өтеді.
Гүлнар Текеманова, жедел жәрдем қызметі бас дәрігерінің орынбасары:
- Алтайдың дәп қасында Бұқтырма тұр. Туристер өте көп келеді. Жазда тіпті осы жолмен адам көп өтеді. Жол апаты да жиі кездеседі. Сондықтан шұғыл жағдайға әр маман дайын болуы тисі.
Мұндай орталық Самар ауданында да ашылды. Осы жазда шекарадағы Зайсан қаласы мен Ақжар ауылында ашу жоспарланған.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.