Каспийдің тартылуы қала тіршілігіне кері әсер етті
Каспий теңізі соңғы 400 жылда ең төмен деңгейге жетті.
Қазір қатты тартылғаншы сонша, судың деңгейі 29 метрге дейін түсіп кетті. Мұндай құбылыс соңғы рет жарты ғасыр бұрын байқалған. Бұлай жалғаса берсе, теңіздің биоәлеміне қауіп бар, дейді ғалымдар. Теңіз деңгейінің төмендеуі оның тұзды суын тұщытып ішетін Ақтауға кері әсер етті. Қазір жергілікті энергетикалық комбинат су жинағыш арналарды тереңдетіп жатыр. Мұндай жұмыс Ақтау теңіз портында да қолға алынды.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Бұл 7-шағын аудандағы пирс. Оқушы кезімізде жазғы демалысты осы жерде өткізетінбіз. Пирстен теңізге секіріп, 1,5 метрдей тереңдікке сүңгіген сәт әлі есімде. Теңізге шомылушыларға жақсы таныс жердің қазіргі күйі осындай. Жағалау бұл аумақтан 2-3 шақырымға шегініп кетті. Бұрын судың асты болған жағаны қалың қамыс басып, Ақтаудың әсем көрінісін бұзып тұр.
Ақтау – теңіздің тұзды суын тұшытып ішетін елдегі жалғыз қала. Энергетикалық комбинат екі канал арқылы сағатына 2 мың мың текше метр су алып, табиғи газ жағу арқылы қазандықта қайнатады. Одан әрі дистиллят сүзгілеуден өтіп, ішуге жарамды болады. Жұмыс процесіне Каспий деңгейінің түсуі кері әсер еткен. Қазір №2 жылу электр орталығына су жинайтын арна тереңдетіліп жатыр. Былтыр қыста су қатып, кәсіпорынның қуаты төмендеді. Мамандар жобалау кезінде осыны ескеріп, канал түбін 3 метрге дейін қазуды ұйғарған.
Самат Қылышбай, қалалық құрылыс бөлімінің маманы:
- Каналды тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Ол жұмыс 2024 жылы басталған болатын. Қазіргі таңда 20 мың текше метр топырақ үйіндісі алынған болатын каналдан. Жұмыстың аяқталу мерзімі 2025 жылдың наурыз айында деп күтілуде. Барлығы 23 мың текше метр топырақ алынады деп күтілуде. Осы топырақ үйіндісі алынғаннан кейін Маэкке бұрынғыдай қажетті мөлшерде су келеді деген жоспарымыз бар.
Биыл Ақтау теңіз портында айлақтарды тереңдету жұмыстары басталады. Жобаның бірінші кезеңіне көлік министрлігі 21 млрд теңге бөлді. Каспий деңгейі төмендеуінен танкерлер, құрғақ жүк және контейнер тасымалдайтын кемелер толық жүктеме ала алмай отыр. Сондықтан кейбір айлақты 1,5 метрге дейін тереңдету жоспарланған.
Вадим Новиков, Ақтау халықаралық теңіз сауда портының бас диспетчері:
- Қазір құрғақ жүк тасымалдайтын кемелер көтере алатын мөлшерден 600-1300 тоннаға дейін жүк аз тиеледі. Себебі түбі жағаға тиіп қайырлап қалуы ықтимал. Сол секілді мұнай құю айлағында да жүктеме азайды. Биыл теңіз астынан 1 млн 300 мың текше метр топырақ алу жоспарланды. Алынған топырақ жаңа терминалдарды салуға қолданылады.
Каспийдің тартылуына орай жері теңізбен шектесетін бес мемлекеттің ғалымдары дабыл қағуда. Бұл құбылысты ақтаулық ғалымдар да бірнеше жыл бойы зерттеп келеді. Былтыр бұл бағыттағы жұмыстарды ғылым және жоғары білім министрлігінен гранттық қаржыландыру басталды. Соның нәтижесінде бірнеше жоба басталды.
Сымбат Қойбақова, "Экология және геология" кафедрасының қауымдастырылған профессоры:
- Біз осы Каспий теңізінің ең бастысы ластану деңгейін, яғни спутниктік мониторинг негізінде теңізге мұнайдың төгілу мәселесі одан кейін гидрохимиясы, яғни химиялық құрамының қаншалықты өзгергетіндігі. Гидрофизика, ағыстардың келуі. Желдің соғу бағыты және гидробиологияны зерттеуге қазіргі таңда жұмыстанып жатырмыз.
Экологтың айтуынша, Каспийдің қазақстандық бөлігінде биоәлемін зерттеуге қатысты мәлімет жиналмаған. Су деңгейінің төмендеуі теңізді мекендеушілерге қаншалықты кері әсер еткенін бақылайтын елде арнайы институт та жоқ. Мемлекет басшысы 2022 жылы Каспий теңізін ғылыми-зерттеуге қатысты институт құруды тапсырды. Су айдынының экожүйесін кешенді түрде зерттейтін мекеме Ақтауда пайда болады делінген. Бірақ жобаның нақты қашан жүзеге асатыны белгісіз.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев