Қоқыс мәселесі. Еуро-контейнерлер орнатылады

Қарағандыда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін арнайы пункттер ашылып, жаппай еуро-контейнерлер орнатылып жатыр.

Енді мұндай орындар тәулік бойы операторлар назарында болмақ.

Бұл тұрғындар арасында қоқысты сұрыптау мәдениетін қалыптастыру үшін қажет,- дейді мамандар.

Қарағандыда тұрмыстық қалдықтарға арналған 800 алаң бар. Өкінішке қарай, контейнерлердің дені әбден ескірген. Көбі қирап, бүлінген. Енді бұл орындарда жаңа қоқыс жинау пункттері пайда болды. Сонымен қатар, пластик, шыны немесе қағазды сұрыптау контейнерлері орнатылып жатыр.

Марина Потешина, қоқыс шығару бойынша коммуналдық қызметтің санитарлық тазалау шебері:

- Қоқыс жинау барысы оператордың жауапкершілігінде. Тазалық, тәртіп жағы соның мойында. Қатты қалдықтарды сұрыптау үшін бар жағдай жасауға тырысамыз. Яғни, пластик, целлофан, картон, қағаз, шыныға арналған бөлек орындар қарастырылған. Тұрғындар бұны ескерсе екен.

Әзірге қаланың бірнеше шағын ауданында 17 пункт жұмыс істеп тұр. Тұрғындар мұндай жаңашылдыққа дән риза.

Майраш Әбдірахманова, қала тұрғыны:

– Тазалықты жақсы көреміз. Бұрындары енді шашылып жатады, жел болады. Бүлкіл аулаға қалдық, қоқым желден шашылып. Өзіміз қуанып, ашылады дегенге қолдап жатырмыз. Келешекте заманауи тазалыққа, денсаулыққа өте пайдалы, тиімді деп оайлаймын. Ауламыз осылай көркейе берсін.

Еуро-контейнерлерге жиналған қоқысты тасымалдау мақсатында заманауи техника сатып алынды. Ал тұрмыстық қалдықтарды бір орынға жинау үшін арнайы станция ашылды. Соның көмегімен полигонға апарылатын қоқысты тез шығаруға мүмкіндік туып отыр. Бұл да қала тазалығын сақтау бағытындағы үлкен жетістік,- дейді сала мамандары.

Ақмарал Есімханова, Сайлау Игіліков және Сайран Ақамбаев, 24.KZ, Қараганды.