Киікті көбейту тәжірибеміз әлемге танылды

Қазақстанда киік популяциясын реттеу науқаны тоқтағанымен алдағы күз айларында қайта жалғасуы мүмкін.

Бұл жайлы еліміздің Экология вице-министрі Нұркен Шәрбиев мәлімдеді. Мұндай бастама шаруаларды шығынға ұшыратпау үшін қажет. Жалпы қазақтың ақбөкенді көбейту тәжірибесі әлемге үлгі болып отыр. Осы күні Самарқанда өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымы конвенциясының кезекті отырысында киіктер мәселесіне ерекше назар аударылды.

Қазақ жерін мекен ететін киелі жануар саны 2 млн 600 мыңға маңайлады. Бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізу үшін мемлекет батыл шешімдер қабылдап, киіктерді ерекше қорғауға алған. 2006 жылы оның саны бар болғаны 50 мыңның шамасында еді. Араға уақыт салып, дала еркесінің жыл сайынғы өсімі орташа есеппен 42 пайызға теңелді.

Самарқанд

Карлос Родригес, Жаһандық экологиялық қордың атқарушы директоры:

- Қазақстанда бөкендердің көбейгені бізді қуантып отыр. Мемлекеттің оны қорғауға қаншалықты күш салғанын көрдік. Әрі сол популяцияны сақтап тұруға да жағдай жасауда. Осы істі жалғастыра беру керек. Қоршаған орта, су және ауа сапасын жақсарту арқылы климаттық өзгерістердің киіктерге кері әсер етпеуін қадағалайтын боламыз.

Қазақстан - өліара кезінде киік популяциясын жойылып кетуден сақтап, қайта қалпына келтірген бірден бір мемлекет. Көршілеріміз бұған ерекше қызығушылық танытып отыр. Айталық, Өзбекстанда үстірт ақбөкенінің саны 500-ге жетер-жетпес. «Бір кездері олардың саны 80 мың болған», - дейді жергілікті экологтар. 

Халиолла Шерімбетов, Өзбекстан Экология, қоршаған орта және климаттық өзгеріс министрлігінің басқарма басшысы:

- Киіктер тез көбейеді. Егер бар жағдайды жасасақ олардың санын жылдам қалпына келтіруге болады. Бірақ үстірт ақбөкендері онсызда көп емес. 5 түрінің ішінде ең азы саналады. Осы тұста, Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Бізде 2010 жылы жасалған киіктерді қорғау жөніндегі мемлекетаралық келісім бар. Соның талаптарын орындауды жеделдетпек ниеттеміз.

Дегенмен, бұл жануарлардан кейде адамдар жапа шегетін кездер де болады. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда киіктер егін алқаптарына зиян тигізіп жатыр. Мұндайда қолдануға рұқсат етілген халықаралық тәжірибе бар.

Самарқанд

Яғни санын биологиялық негіздеме арқылы реттеп отыру қажет. Осы ретте былтыр 2 айда елімізде 41 мың бас киік ауланған. Олардың бір бөлігі ет комбинаттарына жеткізілді.

Нұркен Шәрбиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:

- Жануардың санын реттеу жөніндегі биологиялық негіздемеге сай, 336 мың басты аулау жоспарланған еді. Дегенмен, ауа райы мен ет өңдеу кәсіпорындарының шектеулі қуаттылығына байланысты 2 айдың ішінде 41 мың киік қана ауланды. Биыл да бұл жұмыс жалғасады. Яғни 1 қыркүйек пен 30 қараша аралығында ақбөкенді аулауға рұқсат етіледі. Оның көлемі алдағы уақытта анықталады. Егер киік санын реттеп отырмасақ, ауыл шаруашылығы жерлеріне, тиісінше фермерлерге шығын келеді.

Айта кетейік, қазір Қазақстанда киік атуға тыйым салынған. Әсіресе броконьерлерге қарсы заң қатаң. Биылдың өзінде арнайы органдар ақбөкен атқандардан 4 мыңдай мүйізді тәркіледі. Әрі жауапкершілікке тартты. Жалпы халықаралық сарапшылар жануардың санын аратұра реттеп отыруды қалыпты үрдіс санайды.

Рауан Мыңбаев