Жезқазған тұрғыны тұрмыстық қалдықты кәдеге жарататын қондырғы ойлап тапты

Жезқазғандық  тұрмыстық қалдықты кәдеге жарататын қондырғы ойлап тапты.

Мұның пайдасы қоқыстан жылу энергиясын өндіреді.

Жылу энергиясы ғана емес мазут, жанармай, тіпті дизель отынын да шығарады. Қондырғының техникалық құжаты сараптамадан өткен. Өнертапқыш егер қолдау болса, әр ауылға осындай бір-бір қондырғы қойып берер ем дейді.

Эко белсенді әрі өнертапқыш Серік Дүйсенұлы қоқыстан энергия өндіретін технологияны осыдан 10 жыл бұрын ойлап тапқан. Мақсатым қандай да бір пайда табу емес, қоршаған ортаны қоқыстан арылту дейді. Себебі өңірде тұрмыстық қалдықтарды жоятын не болмаса қайта өңдейтін бірде-бір өндіріс жоқ. 

Серік Дүйсенұлы, өнертапқыш:

- Күнделікті үйлерден шығып жатқан қоқыстарды өңдеуге арнап істелген дүние. Жер анамыздың экологиялық ахуалын түзеу үшін ойластырылған дүние.

Қоқысты жағып одан жылу энергиясын алу аса күрделі емес, оны жұрттың бәрі біледі. Ал Серік Дүйсенұлы ойлап тапқан технология ауасыз термиялық ыдырату жолымен жүзеге асады. Ғылыми тілде бұл «пиролиз әдісі» деп аталады. Қондырғыға салынған қоқысты бір тұтатып алсаңыз болды. Одан әрі жабық пештің ішінде жиналған газ қайта айналып келіп, тамызықтың рөлін атқарады. Бұл қондырғыны тұтыну көлеміне қарай түрлі пішінде жасауға болады. Мысалы сыйымдылығы 1 текше метр қондырғы 3 мың шарты метр ғимаратты жылытуға қауқарлы. 

Серік Дүйсенұлы, өнертапқыш:

- Қандай көлемде қоқыс салынады соған байланысты газ бөлінеді. Бір салған дүние жылулығын қадағалап отыратын болса, 18 сағат жұмыс жасайды.

Елдос Кәкенов, тілші:

- Бұл қондырғының тағы бір ерекшелігі бар. Егер мұнда кез келген қоқысты пайдалансаңыз газ бөлініп, ол газ пештің өзіне қызмет көрсетеді. Ал егер отынның орнына резеңке өнімін салсаңыз ол біртіндеп айналып келіп, арнайы сүзгілер арқылы мазут, дизельдік отын және жанармайға айналады. 

Өнертапқыш қондырғысының қуатын дәлелдеп, техникалық құжатын рәсімдеген. Өзге облыстардың ұсынысы бойынша бірнешеуін жасап та берген. Ал жергілікті билік қоқыс өңдейтін басқа зауыт салатынын айтып, жобаны қабылдаудан бас тартқан. Дегенмен Серік Дүйсенұлы аса көп шығын қажет етпейтін жобасын қайта ұсынуға бел байлап отыр. 

Жүрсінбай Лекеров, қоғам белсендісі:

- Облыс деңгейінде, тіпті Қазақстан деңгейінде осы қоқыс мәселесі әлі толық шешілмеген. Мысалы, жаздыгүні осы қоқыстар жанып, иісі қаламызға келеді. Сондықтан егер де қолдаушылар табылып жатса осы қондырғы іске қосылып қаламыз тазартылса үлкен бір жеңіс болар еді. 

Жезқазған мен Сәтбаев қаласынан жылына 100 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығады. Қазір қаланың іргесінде жарты ғасырдан астам уақыт жиналған қоқыс үйіліп жатыр. Қоғам белсенділері: «Ол жерге осындай қондырғының бірнешеуін қою арқылы, жылыжай шаруашылығын ашып, полигонды 7-8 жылдың ішінде жоюға болады», - дейді. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева