Қазақстан мен Өзбекстан Үстірт атырабының экожүйесін ерекше қорғауға алмақ
Қазақстан мен Өзбекстан Үстірт атырабының жабайы жануарлар әлемі мен экожүйесін ерекше қорғауға алмақ.
Екі елдің Экология министрліктері Самарқанда өтіп жатқан БҰҰ отырысында меморандумға қол қойды. Оның аясында аймақты мекендейтін жануарларды бақылап, зерттеу жүргізу ісі қолға алынады. Кездесуде киіктер мәселесіне де ерекше назар аударылды. Біздің елде оның саны рекордтық көрсеткішке жетсе, Өзбекстанда керісінше азайып барады. Көршімізде үстірт ақбөкенінің тек 500-дей басы қалған. Ел билігі оларды көбейту үшін Қазақстаннан шекарадағы миграциялық дәліздерді кеңейтуді сұрап отыр. Бұл бастамаға Түрікменстан да қосылды. Нәтижесінде үш ел киіктердің миграциясына арналған 600 гектар аумақтағы қоршауларды алып тастайтын болып келісті.
Нұркен Шәрбиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Өзбекстан экология министрлігінің тағы бірқатар ұсынысы бар. Оларды қарастырамыз. Қазір киіктердің ең көбі біздің ел аумағын мекен етеді. Тек Үстірт популяциясы Түрікменстан жаққа аратұра қоныс аударып тұрады.