Су арнасы жоқ. Ақсуда аулаларды су басты

Павлодар облысының Ақсу қаласында үй аулаларды су басты. Жаңадан бой көтерген шағын ауданда көші-қон бағдарламасымен қоныс аударған отбасылар тұрады.

Тұрғындар жыл сайын судың ортасында қаламыз деп наразы. Үйлердің де сапасы сын көтермейді - дейді олар.

Әлихан Бөкейханов атындағы көше тұрғындарының далада жүргеніне бүгін төртінші күн. Бұрын көшені басатын су биыл үйге кірді. Қаламқас Орынбаева әкімдікке ескерттім, бірақ ешкім құлақ аспады - деп налиды.

Қаламқас Орынбаева, қала тұрғыны:

- Тізеден жоғары қар болды. Ертең мынаның бәрі ериді ғой, мына жаққа ағады ғой деп айттық. Біз оның үстіне төмен тұрмыз дедік. Бұлардың ешқайсысы құлақ асқан жоқ. Ағып, еріп, су кетіп, біз айқайлаған кезде ғана, онда да түнде су кірген кезде ғана қимылдады.

Әзизбек Әбдікәрімов, қала тұрғыны:

- Мында үш отбасын су алды. Әкімдіктен көмек болды. Қазір мен пәтерде тұрмын. Мұнда су алған күні төтенше жағдай министрлігі барлығы болды. Су алған үйлерге көмек болып жатыр. Менің айтатыным сол. Барлығы осында ол кісілер, күні-түні болды.

Тұрғындардың дабылынан кейін арнайы техникалар жіберілген. Қазір үй аулалары судан тазартылып жатыр. Ал тұрғындар жатақханаға көшірілді.

Үш жыл бұрын қолданысқа берілген үйлердің сапасы да сын көтермейді. Жобасы әу бастан дұрыс жасалмаған.

Мерхат Валитов, «Ақсу су арнасы» коммуналдық мекемесінің басшысы:

- Мына салынған үйлердің жобасы дұрыс емес. Өйткені су жүретін каналдар, арналар салынбаған. Фундаментінің биіктігін міне көріп отырсыздар жиырма-ақ см. Сондықтан су кеп үйге кіре бастады. Қазіргі таңда бәрін қарап, бізге қала басшылары тапсырма берді, мына су арналарын түгел салып, қалпына келтіреміз.

Қарғын су қырдан келді. Желтоқсандағы қатты аяздан жерде 1,5 метрдей тоң қатыпты. Ал қаңтар мен ақпанда қар қалың түсті. Қазір сол еріген қар суы сіңбей ағып жатыр. Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары суға тосқауыл қою үшін бөгет салды. Қазір үй аулаларына жиналған суды сорғызып жатыр.

Қанат Түсіпбаев, Ақсу қаласы ТЖ бөлімінің бас маманы:

- Төрт мотопомпа тартылды. Қуаттылығы жоғары тағы бір тіркемелі мотопомпамыз бар. Қазір жағдай тұрақты, тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ.

Қысқа мерзімде судың жолы басқа арнаға бұрылды. Мұндай жағдай қайталанбас үшін енді жаңбыр мен қар суына арналған арық құрылысын қолға аламыз - дейді әкімдік өкілдері.

Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев, «24.KZ» Павлодар облысы.