Елде арқарлар саны артып келеді

«Қызыл кітапқа» енген арқарды санау науқаны басталды. Санақ жылына екі рет, көктем мен күзде жүргізіледі.

Алғашқы әуе санағы күн ерте жылитын Түркістан облысының Қаратау мемлекеттік табиғи қорығында өтіп жатыр.

Арқар Қаратаудың ең биік жоталарын мекендейді. Мамандардың айтуынша, тауға қар қалың жауғанда қорек іздеп, жазыққа түседі. Қар еріп, жераяғы кеңейе бастағанда қайтадан тауға кетеді.

Санақтың да бірнеше түрі бар. Бұл жолы мамандар аша тұяқтылардың санын төлдемей тұрып анықтап алу үшін қорық аумағына жиналды. 

Дидар Оспанов, "Охотзоопром" мекемесінің бөлім маманы:

- Авиасанақ сәуір, мамыр айларында жүргізіледі. Ең бірінші бастапқы жұмысымыз осы жер Түркістан облысы. Сонымен қатар ары қарай Жамбыл, Қарағанды, Абай, Жетісу және Павлодар облысы. Осы жеті облыста авиасанақ жүргіземіз.

«Охотзоопром», Зоология институты және облыстық аумақтық инспекция мамандары бірлесіп, 3 сағат бойы тікұшақпен Қаратаудың биік жоталары мен сілемдерін әуеден барлады. Ара-тұра тікұшақ дауысынан үркіп, қашқан арқарларды да көрдік. Өңірде санақ бірнеше күнге жалғасады. Ғалымдардың айтуынша, тау мен тасты мекендейтін жануар суыққа төзімді болғанымен, ол да қамқорлыққа зәру. Сұғанақтықты айтпағанның өзінде, оларға қатал табиғат пен қоршаған ортадан келер қауіп-қатер аз емес.

Рысбек Байдәулетов, Зоология институтының аға ғылыми қызметкері:

- Алғашқы жырты жылдықтың өзінде түрлі себеппен көктемгі төлдің 30-35% өліп қалады. Ал қысқа дейін қалың қар мен аштықтан, жыртқыштардың шабылуы мен түрлі аурудан 65-70% қырылып қалады. Сонда бір жылғы төлдің тек 30-35% ғана қыстан аман шығады. Бұдан бөлек, жыл сайын үлкен арқарлардың да 25-30% қартайып өледі. Сонда өсім бар болғаны 5-7% ғана. Бұның өзі біз үшін үлкен жетістік. Біз бұған қаншама жылға еңбектің нәтижесінде қол жеткіздік.

Әлемде арқардың ең танымал 9 түрі болса, қазақ даласын басқа жақта кездеспейтін 5 түрі мекендейді. Олар: Алтай, Солтүстік Тянь-Шань, Қаратау және Үстірт арқары. Мысалы ғалымдар Қаратау арқары – басқа елді айтпағанда, Қазақстанның өзге өңірлерінде кездеспейтінін айтады. Сондықтан, «бұл – біздің мақтанышымыз» дейді.

2000 жылдары Қаратау арқарының саны 200-ге дейін кеміп кетті. Қазір, мыңнан асады. Бұл «Қызыл кітапқа» енген аң-құсты атуға салынған тыйым мен қорғау, қадағалау жұмыстарының жемісті жүргізілуінің нәтижесі,- дейді жергілікті мамандар.

Зайыр Өстенов, Орман шаруашылығы жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

- Созақ ауданындағы ерекше қорғалатын Қаратау табиғи аумағының мамандары және егерьлері жақсы қорғап келе жатыр. Бүгінге дейін 1 сұғанақтық қана тіркелді, оған дейін ондайға жол берілген жоқ. Жалпы халыққа БАҚ арқылы айтылып та келеді. Бір арқарды атқанға 1,5 мың АЕК айыппұл салынады деп, соны да ескерсе керек жалпы халық сұғанақтыққа жол беріп жатқан жоқ.

Қазір Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген арқарды атқандарға 5 млн 538 мың теңге айыппұл салынады. Егер ол қорық аумағында болса, айыппұл 3 есеге көбейеді. Яғни 16 млн 614 мың теңге төлеуге тура келеді. Болмаса бостандығы шектеледі. Ғалымдар соңғы 20 жылда мемлекеттің қолдауы мен охотзоопром мекемесі тарапынан жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде еліміздегі арқар саны екі есеге өсіп, 7 мыңнан 14 мың басқа дейін көбейгенін айтады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов «24.KZ», Түркістан облысы.