Су тасқыны. Әуе күштері жұмылдырылды

Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккендерді құтқаруға Ұлттық ұланның авиация қызметі жұмылдырылды.

Олар тұрғындарға гуманитарлық жүк жеткізіп, қауіпті аймақта қалған халықты тасымалдауда. Қазірдің өзінде әуе көлігімен 142 адам эвакуацияланды. Оның 85-і бала. 

Сондай-ақ, ұландық әскерилер құтқарушылармен бірге қызмет етуде. Олар кеше ағын су арнасынан тасуы мүмкін аймақтарға 250 тонна инертті материалдар жинап, су жағасына құм толы 600 қап төседі.

Қанат Ахметов, ұшқыш:

- Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округ пен Қаратау ауылының халқын эвакуациялауға ұлттық ұлан авиациясы қамтылды. Қауіпсіз жерге жеткізілгендердің басым бөлігі қариялар, балалар мен әйелдер. Сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери борттарының экипаждары Ақтөбе мен Оралда да белсенді жұмысын жалғастыруда. Ол жақтарда әуе көлігімен нан, су, макарон, картоп, консервілер жөнелтілді.