Жайық тасып барады жардан асып...
Батыс Қазақстан облысында өткен аптада Қалдығайты, Аңқаты, Өлеңті, Жақсыбай, Елек, Шыңғырлау өзендері тасыса, қазір Деркөл мен Шаған өзендері арнасынан асты.
Деркөл өзені қауіпті деңгейден тіпті бір метрге асып кеткен. Бастауын Ресейден алатын трансшекаралық Қараөзен мен Сарыөзен де жағалауындағы елді мекендерге қатер төндіріп тұр.
Облыстың оңтүстігіндегі бұл өзендердің алғашқысымен қазір секундына 540 текше-метр, екіншісімен секундына 100 текше-метр су келіп жатыр.
Әдетте сәуірдің ортасына қарай қозғалатын Жайық өзені соңғы аптада 4 жарым метрге көтеріліп, кеше кешке таман 591 сантиметрге жетті.
Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан секундына 90 текше-метр су жіберіліп келсе, бұл көрсеткіш кешеден бастап 390 текше-метрге өскен. Оның бержағында Сақмар, Елек, Ор, Утва өзендерінің де арнасына сыймай жатқанын ескерсек, биыл Жайық өзені қауіпті деңгейге жетеді деген болжам бар.
Жайық тасыса қала маңындағы саяжайлар суға кетеді. Ал бұл саяжайларда 20 мыңдай адам тұрақты мекендейді.
Андрей Заозеров, бағбандардың қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Әдетте Жайық өзені сәуірдің аяғы мамырдың басында таситын еді. Биыл ерте көтерілді. Қазір су мұздың үстімен жүріп жатыр. Жайық тасыса 1-ші және 2-саяжай ауданы суға кетеді. Бүгін өзен деңгейі 6 метрге жуықтады. Ал 1-саяжай ауданын 750 см-де су басады. Тек соңғы тәулікте Жайық метр жарымға көтерілгенін ескерсек, ол күн де қашық емес. Сол себепті тұрғындар эвакуацияға дайын болуы керек.