Жанын жалау еткен жалаулылықтар
Павлодар облысындағы Жалаулы ауылында төтенше жағдай жарияланды.
Облыс орталығынан шалғайда жатқан елді мекенде үйлерді су басып кеткен. Қарғын судан зардап шеккен 14 үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Ал төтенше жағдайлар қызметі жиналған суды шығарып жатыр.
Жалаулы ауылындағы жағдай қалай? Судың беті қайтты ма?
Иә бұл ауылға су күтпеген жерден кірген. Тұрғындардың айтуынша дәл осындай жағдай 1985 жылы болған екен.
Наурыздың 29-нан бері ауылдан береке қашқан.
Облыс орталығынан жеткен техника жиналған суды үздіксіз шығарып жатыр. Ауылдың айналасында суды жинақтайтын шұңқыр қазылып жатыр. Шын мәнінде судың мөлшері өте көп. 14 үйдің тұрғындарына киім-кешек, азық-түлік пен басқа да қажетті заттар жеткізілді. Біз үйлерін су басқан ауыл адамдарымен де кездестік.
Тұрғын:
- Мынау менің үйім, қорам, гаражым, машинам - түгелі суға кетті. Көмір қора, шөбім - түгелі. Жағдай сол. Енді су артқа қайтып жатыр. Он сантиметрге түсті. Гуманитарлық көмектер келіп жатыр.
Төтенше жағдайлар қызметі бұл ауылда тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Әскери бөлімнен келген сарбаздар инертті материалдар дайындап, үйлердің айналасын қоршапты.
Жаңа ғана Қызыл жарты ай мен волонтерлер гуманитарлық көмекпен келді. Жалпы атқарылып жатқан жұмыстар жайында облыстық ТЖД ресми өкілінен білсек.
Айжас Сабыржан, ТЖД ресми өкілі:
- Жалпы облыс бойынша 18 үйді су басқан болатын. Соның 14-і осы біз тұрған Жалаулы ауылында. Бұл ауылда 80-ге жуық үй бар. Облыс бойынша үйлерін су басқан тұрғындардың дүние-мүлкі түгенделіп жатыр. Арнайы комиссия шығын көлемін анықтайды.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша материалдық көмек бюджеттен тыс, демеушілер тарапынан да көрсетілетін болады.
Қарлығаш Қасиетова, 24.KZ, Павлодар облысы