Мұншама алапат су қайдан келді?
Ауыл мен қаланы қырдағы қарғын су әбігерге түсіріп жатқанда, өзендер тасып одан әрі тығырыққа тіреді.
Бұрын-соңды мұндай тасқын көрмеген, көрсе де ұмытқан халық ошарылып, қайран қыла алмай қалғаны да рас. Деректер кейінгі отыз жылда бұндай тасқын болған жоқ дейді. Ал оның себебі не? Үйдей сең жүргізіп, иен даланы көлкітіп жатқан үлкен су қайдан келді?
1994 жыл. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ең алапат су тасқыны болды.
Сол кездегі ақпарат бойынша, 669 ауылға су кірген. 10 адам опат болып, 12 мыңнан астамы үй-жайын тастауға мәжбүр болды. Ал 30 мың тұрғын баспасынан айырылды. Араға отыз жыл салып тасқын тағы қайталанды. Екеуінде де себеп бір, салдары ұқсас. Мәселе күздің жаңбырлы болып, артынша аязға ұласуы. Мұндайда жердің тоңы қалыңдайды.
Гауһар Баспақова, География және су қауіпсіздігі институтының ғылыми қызметкері:
- Топырақтың қату тереңдігі биыл жоғары болды. Себебі бұл қысқы, күзгі жауын-шашынға байланысты. Әсіресе күзгі, қараша айында жауын көп болды ғой. Қазір температура күрт жылып кетті. Ал топырақ әлі қатып тұр, жылыған жоқ, келген су жер бетімен ағып кетіп жатыр. Яғни топырақтың су сіңіру және су өткізу қабілеттілігі төмендеп тұр қазір.
Иә, биыл тоң қалың. Қазгидромет мамандарының айтуынша 1,5 м тереңдікке дейінгі жер қатып тұр. Қар суын сіңірмейді. Ал көктемде күн күрт жылынды. Сөйтіп жердің бауыры босап, бусанып үлгермеді. Осындайда тұрып алатын қара суықта, жерді кептіріп, қардың көбесін сөгетін еді. Ол да жоқ. Ақыр аяғы қар суы алқапқа жайылды. Сыналап ауылға кірді.
Алина Исмағұлова, "Қазгидромет" РМК баспасөз хатшысы:
- 2024 жылдың 3 сәуіріндегі жағдай бойынша топырақтың қатуы елдің батысында, солтүстігінде, шығысында және орталығында сақталады. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай мен Ұлытау облыстарында қату тереңдігі 43-тен 150 см-ге дейін жетеді.
Қыста қар қалың түсіп, оның үсітне жаңбыр жауғаны да бар. Сол себептті өзен көлдердегі мұз да айтарлықтай қалыңдаған. Сөйтіп, сәуір туысымен кісі бойындай сең қозғалды.
Гауһар Баспақова, География және су қауіпсіздігі институтының ғылыми қызметкері:
- Жылдағыға қарағанда сеңнің едеуір көп болуы бұл – күзгі және қысқы мезгілдегі атмосфералық жауын-шашынның көп болуынан. Сонымен қатар қыстың күнінде күннің 0 градустан жоғары болуы және осы ауа температурасының күрт көтерілуі себеп болып отыр. Бұл өз кезегінде сеңнің көп келуі мен су тасқынына себеп болды.
Сапырылысқан сең көпірлерді қақыратып, бөгеттерді бұзды. Алапқа жайылған қар суы кетпей жатып, өзендер тасып жатыр. Кейінгі жылдары тоған, бөгеттер тұрмақ үлкен өзендердің өзі тартылып енді су келместей болған. Бұрын соңды мұндай алапат тасқын, толассыз сең көрмеген өзен арналары тез толып, су жағаға шығып жатыр.
Исмайл Азамат, БҚО су тасқынына қарсы жедел штабының мүшесі:
- Су тасқынының алдын алу кешенді тәсілді қажет етеді. Яғни, бұл үлкен-үлкен бөгендер салу, үлкен-үлкен су қоймаларын салу, өзендерін арналарын кеңейту, тереңдету секілді. Өзеннің арнасын кеңейткен сайын, ол өзеннің суды қабылдау көлемі көбейеді, судың жағадан шығуы, елді мекендер қауіп төндіруі ол орындалмайды. Бұл жұмыстар үлкен қаражатты, үлкен кешенді жобаларды қажет ететін шаралар.
Иә, қалың қар, батпан тоң, үйдей сең елді әбден әбігерге салды. Дүние мүліктен бөлек малдың да шығыны көбейді. Ал Қазақстанның 25 пайыз алқабында әлі қар жатыр. Оның үстіне өзендердің тасуы жағдайды қиындатып, су қоймалары лық толған. Артық су ағызылып жатыр.
Шернияз Жалғасбекұлы, 24.KZ