Оралды су басуы мүмкін
Жайық және Шаған өзендерінің бойындағы саяжайларда тұратын халық көшіріліп жатыр.
Өйткені қос өзенге қазір құйылып жатқан су көп.
Мамандар өзен деңгейі 8,5 метрге жетсе, қалаға да қауіп төнеді дейді. Қазір 7 метрден асты. Ал жақын күндері Жайықтың бұл тұсына ар жақтағы бастауы Ресейдегі Ирек су қоймасынан шыққан су қосылуға тиіс. Сол кезде қауіп болуы мүмкін. Осы екі арада Жайыққа құятын өз ішіміздегі кіші өзендер саябырласа қауіп болмайды. Сөйтіп, Жайықтың бүгінгі жағдайы қалай?
Жайықтағы су деңгейі 8,5 метрден асса, Оралды су басуы мүмкін. Қазір өзеннің деңгейі 7 метрге жетті. Мамандар Ресейдегі су қоймаларынан жіберіліп жатқан судан қауіптеніп отыр. Ирек су қоймасынан секундына 2 мың текше метр су ағып келіп жатыр.
Шынболат Ермағамбетов, "Қазсушар" РМК Батыс Қазақстан филиалының бас инженер-гидротехнигі:
- Орал қаласының тұсындағы қауіпті деңгей – 850 см. Енді Ирек су қоймасынан бүгінгі таңда жіберіліп жатқан су көлемі – секундына 1670 текше метр. Кеше 2170 болған. Яғни, кішкене төмендеді. Жайық өзенінде бұрын-соңды болған жағдай 1994 жылы еді. Сол кезде Жайық деңгейінің биіктігі 853 см-ге жетіп, қала маңындағы саяжайларды түгел басып кетті. Егер осы деңгейге баратын болса, сол жағдай қайталанады.
1957 жылы Жайықтың деңгейі 9 метрден асқанын айтады маман. Бірақ, ол кезде қаланың аумағы шағын болғандықтан, айтарлықтай зиян келген жоқ. Ал қазір Жайыққа жақын маңдағы саяжайларда халық қысы-жазы тұрады. Сонымен қатар, Жайыққа құятын Шаған өзені де арнасынан асып жатыр. Қазір жергілікті билік осы өзендер бойындағы саяжай тұрғындарын көшіріп жатыр.
Шынболат Ермағамбетов, "Қазсушар" РМК Батыс Қазақстан филиалының бас инженер-гидротехнигі:
- Жайық өзенінің жағасында, қалаға шыға берісінде бекеттер бар еді. Сол қоршау бекеттерді қайта нығайтып жатыр. Егер осы шаруалар үйлесіп орындалса, онда Жайықтың деңгейі 850 см-ге көтерілген кезде шыдайды. 900 см-ге шыдауға болады. Ал судың деңгейі 10 метрден асып кетсе, онда үлкен қауіп болады. Ирек су қоймасынан 2170 текше метр су жіберу деген соңғы 40 жылда, тіпті өмірде болып көрмеген жағдай. Сондықтан, қауіп әлі сейілген жоқ.
Ирек су қоймасы 97 пайызға толып тұр. Ор қаласын су басты. Енді, Орынбор шаһары да суға кетуі мүмкін. Сондықтан, алдағы уақытта тағы су келеді дейді мамандар.
Данияр Сағадиев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің департамент директоры:
- Біз Ресей тарабымен байланыстамыз. Бүгін сөйлестім. Олар айтып жатыр, анау Башқұрстаннан, Орал тауларынан әлі су келіп жатыр, сол су әлі де бір ай келеді. Көп емес, әрине, бірақ келеді. Қазір ең маңыздысы – келесі апталарда келетін мол суды қалай өткіземіз, сол маңызды болып тұр.
Мамандар Жайыққа құятын өзендер суы ерте өтіп кетсе, су деңгейі 8 жарым метрден аспайтынына сенімді. Ал Иректен жіберілген сумен қатар келсе, қала көшелерін су басуы мүмкін деп болжап отыр. Әзірге, қалада тасқынға дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Нұрқанат Қанапия, Ырыстанбек Оспанов, 24.KZ