Су тасқыны. Шығыс әзірге тыныш
Шығыс Қазақстанда да жауын жауады. Әсіресе Қатонқарағай, Марқакөл, Күршім аудандарына ылғал көп түседі.
«Бұл тасқын қатерін күшейте түседі»,- дейді мамандар. Қазгидромет өкілдерінің мәлімдеуінше, кіші өзендерде мұз еріп кеткен. Енді үш ауданды басып өтетін Бұқтырмада сең жүре бастаған.
Жалпы өзендердегі су деңгейін 59 гидро-бекет мамандары әр 4 сағат сайын өлшеп отыр. Әзірге шектік мәннен аспаған. Облыстағы су қоймалары да қалыпты режімде жұмыс істеп тұр. Дегенмен арқаны кеңге салуға ерте. Өйткені өлкеде қар қалың, ылғал жоғары. Айдың ортасына қарай тасқын қауіпі арта түседі.
Ләззат Болатхан, "Қазгидромет" РМК ШҚО филиалының директоры:
- Биыл бізде көпжылдық орташадан 1,5-2 есе артық қар түсті. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысы аумағында қар жамылғысында ең көп су қоры Марқакөл ауданында 432 мм, Алтай ауданында 202, Глубокое ауданында 138 мм жетіп отыр.
Медет Нұрғалеив, "Шығыс су қоймалары" МҚК директоры:
- Бізде 33 су қоймасы бар. Соны күнделікті мониторинг жасаймыз. Толып бітті, әні міне кетеді деген, ондайлар жоқ. Бәрі штаттық режимде істейді. Ешқайсы шектен асып кеткен жоқ, бүгінгі күні жағдай тұрақты.