Ақмоладағы ахуал көңіл көншітпейді
Ақмола облысының тағы 2 ауданында төтенше жағдай жарияланды. Бұл тізімге енді Есіл мен Жарқайың аудандары қосылды.
Ал Атбасар қаласындағы су деңгейі, біртіндеп төмендеп келеді. Дәл қазір аймақтағы әріптесім Абзал Азаматұлы бізбен тікелей байланысқа шығып, соңғы ақпараттармен бөлісуге дайын.
Атбасардағы қазіргі ахуал қалай? Қауіп сейілді ме?
Біз бүгін үшінші күн Атбасардамыз. Мұндағы қауіп әлі де сейілмей тұр. Бірақ бүгін өзен деңгейі төмендегені байқалады. Нақтырақ айтсақ, кеше Жабайдағы су 7 метрден асса, қазір 5,9 метрге дейін төмендеді,- дейді мамандар.
Дәл қазір біз аудан орталығындағы №4 мектептің жанында тұрмыз. Кеше білім ошағынының ауласын қызыл су басып қалып еді.
Көріп тұрғандарыңыздай, мектептегі қарғын су толығымен сорылып, айналасына инертті материалдар төселді. Ал өзен бойының дәл жағасында орналасқан №1 мектеп әлі де су астында жатыр. Төтенше жағдай режиміне байланысты оқушылар қашықтан оқыту форматына көшірілді. Қазір аудан орталығында су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ Сандықтау мен Атбасар аудандары ортасындағы тас жолды су шайып, көлік қозғалысы шектетілді.
- Абзал, жалпы облыс бойынша жағдай қалай? Басқа аудандарды су басу қаупі бар ма?
- Иә, облыс бойынша да жағдай көңіл көншітпейді. Себебі осы Атбасарға көршілес Есіл, Жарқайың аудандарында да төтенше жағдай режимі жарияланды.
Мәселен, Есіл ауданындағы Свободное, Знаменка, Курское, Ленинское ауылдарын су басты. Ал Жарқайың ауданында тасқын судың салдарынан бірнеше ауыл электр жарығынан ажыратылған.
Абзал Азаматұлы, 24.KZ, Ақмола облысы