Павлодар облысында «Таза су айдындары» акциясы жүріп жатыр
Табиғат жанашырлары өзен-көлдерді қоқыстан тазалайды, деп хабарлайды 24KZ.
Балық инспекциясының қызметкерлері Ертіс өзенінде қараусыз қалған ауларды жинап шығады. Жалпы экологиялық акция өңірдегі 300-ге тарта су айдынын қамтиды. Алғашқы тазалық шарасы Усолка өзенінің бойында өтті.
Қазір – балықтың уылдырық шашатын кезі. Сондықтан аулауға тыйым салынды. Инспекторлар су айдындарын қараусыз қалған аулар мен қоқыстан тазалап жатыр.
Балықшылар әдетте шірімейтін нейлон жіптерден тоқылған ауларды қолданады. Бағасы арзан болған соң оны тастап жүре береді. Бұдан табиғатқа орасан зиян келеді. Иесіз қалған аудағы өлген балық түрлі аурулардың ошағына айналады.
Василий Павлов, Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас инспекторы:
- Біз былтыр «Таза су айдындары» акциясы кезінде өзен-көлдерде қараусыз қалған 3 мың метрден астам ауларды алып шықтық. 7 тоннадай қатты қалдықтарды жинадық. Оның көбі – пластик құтылар. Бұл акцияның табиғатқа пайдасы зор. Демалуға шыққан адамдар өздерінен кейін көп қоқыс қалдырады. Мәселен, пластик қалдықтар шірімейді.
Өзен жағасында тұрмыстық қалдықтар биыл да аз емес. Балық инспекциясының бас маманы Алтай Өмірбаев айналасы 3 минутта бір қашық қоқыс жинады. Қоршаған ортаның тазалығына ең алдымен адамдар жауапты. Өкінішке қарай, халықтың экологиялық мәдениеті әлі төмен, – дейді ол.
Алтай Өмірбаев, Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:
- Біздің тұрғындар өздерінен кейін қандай қалдықтарды тастап кетеді. Міне, көз алдарыңызда, судың бетінде қалқып тұр. Табиғаттың тазалығын сақтау керек қой. Әр адам жанашырлықпен қараса, мұндай көрініс болмас еді.
Ертіс өзенінің сағасы – Усолка өзенінің жағалауына қалалықтар жаз бойы ағылады. Жергілікті атқарушы билік айналасын абаттандырып, демалуға қолайлы жағдай да жасап қойған. Тек тазалық жағы сын көтермейді.
Жасұлан Жұмашев, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы:
- Бүкіл жаз бойы осы акция жүре береді. Тек қана осы қаланың ішінде ғана емес, біз аудандарда да осы акцияны жүргіземіз. Көбінесе осы лескалық аулар ол – қаланың ішінде емес, осы аудандарда, аудандық су айдындарында қойылатын осы аулар.
Табиғат қорғаушыларға студенттер мен волонтерлар де көмектеседі. Акцияның алғашқы күні олар Усолка өзенінің 10 шақырымын тазартты. Балық ұстайтын 100 метр ау, бір тоннадан астам қоқыс шығарылды. Экологиялық акция облыс бойынша 300-ге тарта су қоймасында жүргізіледі.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев.