Қарғын судың пайдасын қалай көреміз?
Ойылға үш жыл қатарынан су мол келді. Қызылқоға шаруалары осыны пайдаланып жайылым мен шабындық алқаптарды кеңейтіп жатыр.
Малы көп бұл өңір бұған дейі жем-шөпті өзге облыстардан тасымалдайтын. Енді табиғи ризық - мол суды жиып, одан қалды жайылымдарға ағызып жатыр. Биыл 12 көлге су толып, жайылым көлемін 2 есеге арттыруға мүмкіндік туған.
Тасшағыл ауылдық округінің шаруалары Ойыл өзенінен шыққан суды кәдеге асыру мақсатында аумағы 3 мың гектар алқапқа су шығарып алған. Ол Тасшығыл, Жамбыл ауылдық округіне қарасты жекеменшік мал иелері мен шаруашылықтар үшін баға жетпес байлық болғалы тұр.
Марат Жалдекенов, шаруа:
- «Тіленші» деген үлкен алқап. Ол жерде Тасшығыл ауылдық округіне қарасты 4 көл, Қаракөлге қарасты 2 көл бар. Осы 2 ауылдың тұрғындары үшін малға да, жанға да өте жәйлі жақсылық әкелетін шара болғалы тұр.
«Жасқайрат» ауылындағы бұл шаруашылықта 1 мыңнан астам қой-ешкі мен 700-ге тарта сиыр бар. Қытымыр қыста қолға қарайтын түліктер үшін олар мал азығын бұрын көрші облыстардан тасымалдайтын. Биыл тасыған мол судың шабындықтар мен жайылымдарға шыққанына қуанып отыр.
Думан Аманғалиұлы, шаруа:
- Ақтөбе жағынан келіп жатқан судың шабындыққа пайдасы бар. Орал-Ақтөбенің суы «Жамансайға» ағып жатыр ғой, сол жерге пайдасы бар енді. Сол жерлерден шабындық алуға болады.
Ойыл өзенін жағалай қоныстанған ауылдар 3 жылдан бері бау-бақша еге бастады. Жергілікті жерден өнген өнімнің бағасы арзан, сапасы жоғары. Былтыр 3 округтің диқандары 70 гектар жерден 36 мың тонна өнім жинаған болатын.
Ержан Нұрғали, аудандық АШ және жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Биыл 160 гектарға өсіріп отырмыз. Оның сыртында 50 гектарға жоңышқа егуге ауылдың жеке азаматтары мен кәсіпкерлері шықты. Яғни, егіншілік жерімізді 160 гектарға көтеріп отырмыз. Басты мақсат – келген суды игілікке жарату.
Бұған дейін Қызылқоға ауданына қарасты 2 миллион гектардан астам жер телімінің тек 668 мың гектары ғана кәдеге асып келген болатын. Енді ол 2 есеге артпақ. Биыл 42 шаруашылық мал азығын жергілікті жерден дайындауға ниет етіп отыр.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин, «24.KZ» Атырау облысы.