Есіл жағалауында тазалық жұмыстары жүргізілді
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өзендер мен көлдердің айналасы тұрмыстық қалдықтардан тазартылды, деп хабарлайды 24KZ.
«Мөлдір бұлақ» ұранымен өткен кезекті апталыққа мемлекеттік қызметкерлер мен қала жастары қатысты. Белсенді азаматтар бүгін Есіл өзенінің жағалауында тазалық жұмыстарын жүргізді. Экошараға 3 күнде 3500-ге жуық адам атсалысып, 350 бірлік техника жұмылдырылды. Елордада апта басынан бері 800 тонна қоқыс шығарылған.
Уәлихан Қуанышев, қалалық әкімдіктің табиғат пайдалануды реттеу бөлімінің басшысы:
- Біз бұған дейін Ақбұлақ, Сарыбұлақ, Қарасу өзендерінің айналасын тұрмыстық қалдықтардан арылтқан едік. Бүгін Есіл өзенінің жағалауына тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Экологиялық шараға 400-ге тарта адам жұмылдырылды. Әкімдік қызметкерлері, құрылымдық бөлімшелер, коммуналдық қызмет, қала жастары мен еріктілер атсалысты.
Рүстем Нөгербек, «Астана-Зеленстрой» ЖШС қызметкері:
- Қазір көріп жатқан жастарға болсын, кішкентай балаларға болсын, маңызы өте жоғары. Өзіміз үшін, қоршаған ортамызды таза ұстау үшін, өзіміздің денсаулығымыз үшін қоқыстан тазарту өте маңызды деп ойлаймын.