Су тасқыны: Жайық жардан асты
Атырау облысында Жайық өзенінің деңгейі әлі көтеріліп жатыр.
Бір тәулікте Индер ауданындағы су деңгейі 22 сантиметрге, Махамбет ауданында 16, облыс орталығында 6 сантиметрге жоғарылады.
Аудандардағы ахуал қазір бақылауда. Бөгет бойында кезекшілік ұйымдастырылған. Қазір әріптесім Асланбек Шығыр Махамбет ауданынан тікелей байланысқа шыққалы тұр.
Асланбек Шығыр, тілші:
Біз қазір Махамбет ауданының Талдыкөл ауылындамыз. Аудандағы қауіпті жердің бірі.
Мұнда бөгеттерді қосымша нығайту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазір 50 сарбаз, төтенше жағдай департаментінің 15 қызметкері, тәртіп сақшылары мен ауыл тұрғындары, сондай-ақ 25 техника жаға бекіту жұмыстарына жұмылдырылған.
Бейбарыс ауылдық округіне қарасты Талдыкөл ауылында 1215 тұрғын бар. Қауіп төнген жағдайда эвакуациялық орын да дайындалған.
Жайық өзені қазір арнасынан асып, жайылмаға су шыққан. Өзен бойындағы шаруашылықтарға түсіндірме жұмыстары да жүріп жатыр.
Қолда бар ақпарат бойынша 9 шаруа қожалығы суға кеткен. Тұрғындар қауіпсіз аймаққа шығарылған. Қазір менің жанымда Бейбарыс ауылдық округінің әкімі Сейілбек Зұлқашев тұр. Талдыкөл ауылына қауіп қандай? Қанша мал шығарылды? Эвакуациялық пункт қанша адамға арналған?
Сейілбек Зұлхашев, Бейбарыс ауылдық округінің әкімі:
Су тасқынынан қорғану мақсатында бүгін аудан орталығы Махамбет ауылы мен Сартоғай ауылын жалғап жатқан тас жол жырылды. Су деңгейін түсіру үшін аудандық ТЖ жөніндегі штаб осындай шешім қабылдаған.
Махамбет ауылдық округі мен Сарытоғай ауылын жалғап жатқан жолдың жалпы ұзындығы 5 шақырым. Махамбет, Сарытоғай ауылдарында 13 мыңға жуық адам тұрады.