Министр: Жазда өрт қаупі жоғары болады

Биылғы жаз өте ыстық болады.

Осындай болжамымен бөліскен мамандар құрғақшылыққа байланысты алаңдаулы.

Әсіресе еліміздің батысы, шығысы мен оңтүстігінде аптап ыстық ұзаққа созылуы мүмкін. Өрт қаупі басым. Биылдың өзінде 27 рет орман өрті тұтанған. Құзырлы ведомство басшылары бүгін жаз маусымына дайындықты пысықтап, атқарылатын іс-шараларды Үкімет отырысында баяндады.

Елде өрт бақылау мұнараларының саны аз. Тұтанған өртті дереу ауыздықтау үшін оны уақытылы анықтау аса маңызды. Сондай-ақ, талап бойынша елде 729 орман өртін сөндіру станциясы болу қажет. Қолда бары 254 қана. Өрт сөндіру көліктерінің 72%-і тозған. Тексеру барысында тіпті 158 жүрмейтін техника анықталған. 870 дана трактордың тең жартысы жөндеуге де жарамсыз.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Министрліктің аумақтық инспекциялары мемлекеттік орман иеленушілердің өрт қауіпті маусымына дайындығын тексерді. Тексеру Павлодар, Ақмола, Қостанай, Жамбыл облыстарының орман мекемелері мен «Семей орманы» резерватының дайындығы нашар екенін көрсетті. Дайындық жағдайының төмен болуының негізгі себептері мынадай: орман өрт сөндіру станцияларының болмауы; өрт сөндіру автокөліктерімен, тракторлармен, радиостанциялармен және құрал-саймандармен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі. Орман күзетінің жеке құрамы санының жетіспеушілігі де өзекті мәселе. 

Атап айтқанда, орман күзетіне Ақмола облысында 500, Шығыс Қазақстанда 800-ден аса кадр қажет. Маман тапшылығымен қоса, өртке қарсы заманауи ұшыру құралдарын енгізу баяу жүріп жатыр. Мемлекеттік орман қорының 2%-ы ғана орман өртін ерте анықтау жүйесімен қамтылған. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Биылдың өзінде 30-ға жуық орман өрті тіркелді. Мәселен, өткен жылы өрттен қатты зардап шеккен «Семей орманы» аумағы биыл тағы да отқа оранды. Алматы облысында Іле-Балқаш табиғи резерватының аумағында да қамыс өртеніп, үлкен аумаққа жайылып кетті. Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қамыс пен қураған шөп жанып, өртке ұласты. Қазір мүдделі мемлекеттік органдар Табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыруда. Алайда кейбір салаларда бұл жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. 

Төтенше жағдайлар министрі «Қазавиақұтқару» қызметінің 19 борты дайын тұрғанын жеткізді. Аэровизуалды барлау үшін 120 дрон әзірленген. Сондай-ақ өрт қаупі қағидаларын бұзғаны үшін 630 адамға айыппұл салынған. 

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Ертең «Семей орманы» резерватында Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткіземіз. Сонымен қатар, барлық өңірлерде орман шаруашылығы мекемелерімен 53 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Бұдан басқа, Министрліктің оқу орталықтарында орман күзетінің 1300 жұмысшысы оқудан өтті. 

Биыл табиғатты қорғау мекемелері үшін 15,4 млрд теңге бөлінді. Материалдық-техникалық жарақтандыруға жергілікті бюджеттен 3,8 млрд теңге қарастырылып отыр. Қазірде орман күзеті мен өрт сөндірушілерге үстемақы қосу жобасы мемлекеттік органдармен келісілген. Ол алдағы республикалық бюджеттік комиссияның қарауына ұсынылады.

Рухани Асқар, Ақылбек Есемсейітов