Су тасқыны. Қарғынның беті қайта бастады

Атырау облысы Индер ауданында Жайық өзенінің деңгейі төмендеп келеді.

Бір тәулікте 4 сантиметрге дейін түсті. Дегенмен арқаны кеңге салуға ерте, дейді мамандар.

Қазір Жайықтың арғы бетіндегі тұрғындар аудан орталығына қайықпен қатынап жатыр. Көктоғай, Өрлік, Есбол, Елтай және Ынтымақ, Аққала ауылдарының тұрғындары су көлігімен тасымалданады.

Ал Махамбет ауданының орталығы мен Сарайшық, Талдыкөл ауылдарына тасқыннан келер қауіп әлі сейілген жоқ. Қазір елді мекендерде жаға бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғындары көшірілген Талдыкөл ауылын 30-ға жуық тәртіп сақшысы күзетеді.

Облыс орталығындағы ахуал әзірге тұрақты. Су деңгейі 557 сантиметр болды. Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр жері, әлі тереңдетіліп жатыр. Бүгінге дейін 2 шақырым қазылған.