Түркістан облысында киелі жерлер қоқыстан тазартылды

Мұндағы таңғы тыныштықты шөп оратын техниканың дауысы бұзды.

Белсенділер кесене маңын қураған шөптен тазартты. Қоқыс пен тұрмыстық заттарды жинастырып, ретке келтірді. Себебі, Ақбура әулие кесенесі өңірдегі ең танымал орын. Мұнда күніне жүздеген зиятшы мен саяхатшылар келеді. Арасында қоқыс тастап, кесене аумағын бүлдіріп кететіндері аз емес. Қазығұрт ауданының әкімі Әзизхан Исмайловтың айтуынша, тазалық пен тәртіпті сақтауға шақыратын белгілер орнатылғанымен туристер нұсқаулықтарды орындай бермейді. 

Әзизхан Исмайлов, Қазығұрт ауданының әкімі:

- Адамдар көп келеді бұл жерге. Тек қана Қазығұрттан емес, Төлебиден де, облыстан да келеді. Тамағын алып келеді, осы жерде жатады, қонады. Бірақ біз «табиғатты аялайық. Отырған жерлеріңізге қоқыс тастамаңыздар, тазалаңыздар» деп айтып отырады. Бірақ кейбірі таза ұстайды, енді бірі тастап кететін кездер болады. Бірақ оның бәрін біз жалпы халық болып реттеп, тазалап жатырмыз. 

Сенбілікке жүзден астам адам қатысты. Өзін «табиғат жанашырымын» деп санайтын Нұршер Әзімбай қолына айыр-күрегін алып, көппен бірге жиналған қоқысты шығаруға атсалысты. 

Нұршер Әзімбай, Қазығұрт ауданының тұрғыны:

- Бұл жерге үшінші рет келуіміз біздің. соған қарағанда біршама қоқыстан тазаланды десек болады. Әлі де тазалайтын жерлер бар. Әлі де жұмыс атқаруымыз керек. Баклашка, клёнка, бұнда қой сойылады екен. Қойдың терісі сияқты заттар да көптеп кездесіп жатыр. 

«Таза Қазақстан» акциясы аз ғана уақыт ішінде әртүрлі жастағы маман иелерінің басын біріктірген өміршең жобаға айналды. Игі шарадан «Аманат» партиясының мүшелері тыс қалмады. 

Алтынсары Үмбетәлиев, "Amanat" партиясы ОФ төрағасы:

- Осы күнге дейін біз 157 аумақты тазалап шықтық. Сол аумақтардан 160 тоннадан астам күл-қоқыс шығардық. Бұндағы негізгі мақсатымыз – тұрғындар арасныда экологиялық мәдениетті және халықтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру. Сол себепті осында келіп, сенбілік шараны өткізіп жатқан жайымыз бар. 

Белсенділер түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде туристер табиғат пен мәдени мұраға мұқият болады деп үміттенеді. 

Жандос Жұмабек, Катерина Попкова, Нурмахан Бекмуратов