Каспий жағалауында өлі итбалықтар табылды

Маңғыстау облысындағы Баутино ауылы жағажайынан 150-ден астам өлі итбалық табылды, деп хабарлайды 24KZ. Кейбірінің ішкі ағза тіндері мен азу тістері зертханалық сараптамаға алынды. Қазір аумақта жергілікті уәкілетті органдар, Гидробиология және экология институты бақылау жүргізіп жатыр.

Болжам бойынша теңіз сүтқоректілері өткен аптада Каспийде болған күшті дауыл кезінде қырылған. Сонымен қатар кейбір итбалықтар браконьерлік ау-құралға оралған күйде табылған, деп хабарлайды балық инспекциясы басқармасының өкілдері.

Әлібек Жәлелов, облыстық балық инспекциясы басқармасының бас маманы:

- Жел теңізден соққанда осы өлген итбалықтардың барлығын жағаға лақтырып тастайды. Оның ішінде жаңағы браконьерлік аулардан өлгені бар. Денелерінде аудың іздері бар. Көбінде. Соған қарағанда браконьерлердің теңізге құрған ауларында өлген сияқты деп ойлаймыз. Бірақ енді неден өлгені зерттеу сынамаларынан кейін белгілі болады.