Coca-Cola компаниясы экологиялық жобаны қолға алды

Судың да сұрауы бар. Coca-Cola компаниясы Орталық Азияның аймақтық экологиялық орталығымен бірлесіп, экология бағытындағы маңызды жобаны қолға алды. Есіл өзені бассейніндегі су ресурстарын басқару үшін фермерлерге тамшылатып суару технологиялармен жұмыс істеуді үйретіп жатыр. Тіпті бірқатар шаруа қожалықтарына тиісті қондырғыларды да орнатып, тіршілік көзін үнемдеудің жаңа әдістерін көрсеткен.

Бұл – Coca-Cola компаниясының Орталық Азияның аймақтық экологиялық орталығымен бірлесіп, былтыр қолға алған жобасы. Оған ірі кәсіпорын 140 мың доллар жеке инвестициясын құйып, Ақмола облысындағы бірқатар шаруаға тамшылатып суару қондырғысын орнатқан. Бастама өзінің тиімділігін бірден көрсетті. Алқаптарда суды жұмсау көрсеткіші 6 есе азайған.

Алима Исембаева, Coca-Cola Içecek компаниясының корпоративтік қатынастар және тұрақты даму жөніндегі директоры:

- Алқаптарда өнімділік те едәуір арта түсті. Фермерлер бұндай технологияның тиімділігін көрді. Біз барлығымызға ортақ ресурс – судың үнемді пайдаланғанын қалаймыз. Өйткені ол – біздің өнімнің негізгі компоненті. Мәселен, Қазақстанда Coca-Cola-ның 1 литрі үшін 1 литр 600 мл су жұмсаймыз. Сондықтан өз өндірісімізде ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортада да тіршілік көзінің ысырап болғанын қаламаймыз.

Сарапшылардың бағалауынша, еліміздің солтүстік аймақтарында су ресурстарының көлемі аз. Сондықтан да Coca-Cola компаниясы Есіл өзені бассейніндегі су ресурстарын басқару бойынша жобаны қолған алған. Енді алдағы уақытта мұндай бастамаларды Қазақстанның оңтүстік өңірлері мен Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерін де жүзеге асырмақ.

Зафар Махмудов, Орталық Азия аймақтық экологиялық орталығының атқарушы директоры:

- Су мәселесі – Орталық Азия аймағының басты проблемасы. Бұл жайында жоғары мінберлерден бір емес, бірнеше рет айтылған. Осы мәселелерді шешуде жеке бизнеспен тығыз әріптестік орнату маңызды. Міне, Coca-Cola компаниясы әлеуметтік маңызы бар жобаларға өз қаражатын бағыттап отыр. Бұл әріптестік алдағы уақытта да нығая түседі деген сенімдемін.

Айта кету керек, экология мәселесінде Coca-Cola компаниясы өз алдына ауқымды міндеттерді алып отыр. 2030 жылға қарай кәсіпорын жұмыс істейтін елдерде тұрақты даму мақсаттарына жетуге уәде берген. Бүгінде бұл компанияның әлемнің 12 мемлекетінде өз зауыты бар.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев.