Каспий жағасынан тағы 121 итбалықтың өлексесі табылды

Каспийдің жағасына тағы 121 итбалықтың өлексесі шығып қалды.

Сонымен қырылған теңіз жануарының саны 400-ден асты. Инспекторлар өткен аптада ғана Баутино жағажайынан 300-ден астам өлексені жойған еді.

Мамандар сынама алған. Бірақ қорытынды әлі шыққан жоқ. Теңіз сүтқоректілері балыққа құрылған ауға түсіп, қырылған деген болжам да бар. Мамандар «өлекселер бұзыла бастағандықтан, нақты себебін білу қиын» дейді.

Баутино ауылының жағажайында итбалықтың жаппай қырылуы биыл осымен төртінші рет тіркелді. Теңіз сүтқоректілері Каспийдің осы бөлігінде жиі кездеседі. Болжам бойынша күшті дауыл кезінде өлген итбалықтарды толқын жағалауға шығарып тастаған. Өткен айдан бері аумақта гидробиология және экология институтының мамандары зерттеу жүргізді. Оның қорытындысы әлі белгісіз. Инспекторлар кейбір итбалықта ау-тордың ізі барын айтады.

Андрей Руцкий, облыстық Балық инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Кейбір итбалық денесіне механикалық зақым түскен. Бұл теңіз сүтқоректісінің балықшының немесе браконьерлік ауға түскенін білдіреді. Әдетте ау иесі өлі итбалықты тордан босатқан бойда теңізге тастайды. Десек те, олардың жаппай қырылуына не себеп болғаны зерттеу қорытындысынан соң белгілі болады.

Маңғыстауда балықшылардың дені Баутино, Аташ және Форт-Шевченко ауылында тұрады. Олар елдімекенге жақын жердегі аралда балық аулайды. Осылайша, күнделікті табыс тауып отырғандар итбалықтардың ауға түсіп, қырылуы мүмкін деген пікірмен келіспейді. Балықшылар Каспий теңізінің Түпқараған ауданынан бөлек, басқа да аумақтарына бақылау жүргізілуі керек дейді.

Данияр Әкімжанов Республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығы филиалының директоры:
- Қазіргі таңда тек қана итбалық өлекселері анықталып жатыр деп дабыл қағудамыз. Алайда итбалықтармен қоса суда мекендейтін су құстары және бекіре тұқымдас балықтардың өлекселері кездесіп жатыр. Атап айтатын болсақ, баклан құстары шағала бар, қасқалдақ бар. Сосын гагар деген құстарды өз көзіммен көріп анықтадым. Бір тірілей құсты біздер ветстанцияға бердік, сынамаға алыңыздар деп.

Итбалықтың қырылу себебін анықтауға тәуелсіз экологтар қатыспайды

Экологтар Каспий эндемигі мен құстардың өлімі теңіздің ластануынан болуы мүмкін екенін жасырмайды. Табиғат жанашыры Әділбек Қозыбақов Маңғыстауда жылда қайталанатын жағдайдың нақты себебін анықтауға тәуелсіз экологтар өз бетімен қатыса алмайтынын айтады. Мұндай сарапшыларды тек мемлекеттен қаржыландырылатын компанияның есебінен ғана тартуға болады екен.

Әділбек Қозыбақов, «Ecojer» қауымдастығы аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі:
- Кәсіпкерлік кодексінің тиісті бір бабына байланысты ол жерде осындай тексеру жұмыстарына тәуелсіз сарапшыларды тартуға шектеу қойылған. Яғни ол жерде мемлекеттік немесе бюджеттен қаржыландыратын органдарды, ұйымдарды көрсеткен. Сол бапты өзгертіп, тәуелсіз сарапшыларды да кіргізу керек деп ойлаймын. Егер тәуелсіз сарапшылар мұны үнемі қоғамдық бақылауда ұстайтын болса, осындай итбалықтардың қырылуының алдын алуға болады.

Биыл буаз итбалық өлекселері де жиі кездесіп жатыр. Мамандар теңіз сүтқоректісінің қырылу себебін жақын арада Каспийде болған жер сілкінісімен де байланыстырады. Не десек те экологиялық мәселеге қатысты болжам көп, нақты жауап жоқ.      

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев