Отандық экожоба әлемдік байқауда топ жарды
Қазақстандық «Алтын дала» табиғатты қорғау бастамасы әлемдік экологиялық байқауда жеңімпаз атанып, қомақты қаржылай жүлдені ұтып алды.
Оңтүстік Африкада өткен шараға Ұлыбритания ханзадасы Уильям қатысып, еліміздегі табиғатты қорғауға және қалпына келтіруге атсалысқан жоба жеңімпаздарын құттықтады. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы сабақтайды.
«Алтын Дала» - 20 жыл бұрын ақбөкендердің жойылып кетуіне жол бермеу мақсатында қолға алынған жоба. Қажырлы еңбектің нәтижесінде киіктердің популяциясы 3 миллион басқа жуықтады. Мұндай бұрын-соңды болмаған. Бүгін міне әлемнің түкпір-түкпірінен қатысқан экологиялық жобалар арасында “Алтын дала” The Earthshot Prize марапатын жеңіп алып отыр.
Оңтүстік Африка, Кейптаун
Вера Воронова, "Алтын дала" табиғатты қорғау бастамасының атқарушы директоры:
- Биоалуантүрлілікке қатысты мәселелер мен климаттық дағдарысқа қарамастан мен оптимист болып қала беремін. Өйткені қажетті шараларды қолға алсақ табиғатты қайта қалпына келтіре алатынымызға сенемін. Мысал ретінде Қазақстандағы ақбөкендердің санының көбеюін келтірер едім.
Батыс Қазақстан облысы
Жобаның сәтті жүзеге асуына Қазақстанның биологиялық әралуандылығын сақтау қауымдастығы, бірқатар халықаралық ұйымдар және еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті өз үлесін қосты.
Данияр Тұрғамбаев, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:
- Еселі еңбегіміздің өте жоғары деңгейде бағаланғаны қуантады. Бұл жүлде қоршаған ортаны қорғау саласын дамытуға бағытталған жұмыстарымызды одан әрі жетілдіруге ынталандырмақ.
YOUTUBE.COM/@EARTHSHOTPRIZE
The Earthshot Prize сыйлығын Ұлыбритания ханзадасы Уильям мен әйгілі тележүргізуші, табиғатты зерттеуші Дэвид Аттенборо 2020-жылы тағайындаған. Мақсаты қоршаған ортаны қалпына келтіруге бағытталған бастамаларды қолдау арқылы, жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге атсалысу.
Уильям, ханзада:
- Бұл жүлде өмірді жақсы жағына қарай өзгертуге ұмтылған жасампаздарға және көшбасшыларға демеу беру үшін арналған. Осылайша инновациялық шешімдердің жеделдетіп жүзеге асуына көмектесіп, келер ұрпақты біз қалаған болашақты құруға ынталандырғымыз келеді.
Байқаудың 15 финалисі бұрын-соңды болмаған тиімді шешімдер ұсынды. Қазақстандық бастама Ұлыбритания, Эквадор және Перу жобаларымен бәсекеге түсті. Бес жеңімпаздың есімі соңғы сәтке дейін құпия сақталды. Нәтижесінде әрқайсысына 1 миллион фунттан, яғни 637 миллион теңгеден берілді. Қазақстандық тарап жүлде қорын қоршаған ортаны қорғауға арналған жобаларын жетілдіруге жұмсамақ. Ақбөкендерден бөлек дала бүркіті, құлан және Пржевальский жылқысының тұқымын қайта қалпына келтіру бағытында әрекет етпек.
Оңтүстік Африка, Кейптаун
Вера Воронова, «Алтын дала» табиғатты қорғау бастамасының атқарушы директоры:
- Халықаралық қауымдастық алдына сахнаға шығып, Қазақстандағы дала экожүйесі мен ақбөкендердің санын қайта қалпына келтіру бағытында жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндау біз үшін үлкен құрмет әрі зор мақтаныш. Әлемдік деңгейде мойындалуымыздың арқасында көкжиегіміздің кеңеюіне жол ашылады деп үміттенеміз.
Бүгінде бүкіл әлем бойынша дала экожүйелерінің жағдайы алаңдатарлық. Осыны ескерген “Алтын дала” ұйымы болашақта Моңғолиядағы шөлейттерді, Америкадағы шалғынды жерлерді және Аргентинадағы пампасты қалпына келтіру секілді үлкен жобаларға қатысып, ынтымақтастықты арттыруға ниетті.
Ғалымжан Қараманұлы